Қазақстандық бойжеткен таксиде болған жайт туралы айтып берді. Оның сөзінше, жүргізуші жеке сұрақтар қойып, "серуендеп қайтайық" деген, кейін есіктерді іштен жауып, қызға "сүйісейік" деп ұсыныс жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қыздың айтуынша, сапар басталған кезде бәрі қалыпты болған. Бірақ жүргізушінің әрекеті тез арада шектен шыққан. Ол жеке өміріне қатысты сұрақтар қойып, бірге қалып, көлікпен қала ішінде “жай ғана қыдырып қайтуды” ұсынған. Қыз бас тартқаннан кейін, ер адам табанды бола түскен.
Бір сәтте ол: “Еш болмаса арманда қалғандай болайын, сүйісейікші?” деді. Қатты қорықтым. Ол тіпті мен қалсам, ақшаны қайтарып беремін деді. Бірақ мен көліктен шыққым келді”, – дейді қыз.
Бойжеткеннің сөзінше, ең сорақы сәт — жүргізуші есіктерді іштен құлыптап, шығуға мүмкіндік бермеген кез болған. Абырой болғанда, қыз көліктен шығып үлгеріп, бірден такси компаниясының қолдау қызметіне хабарласқан. Компания өкілдері қауіпсіздік қызметі тексеру бастағанын айтқан. Алайда кейін бойжеткенге жол ақысы қайтарылмайтыны, ал жүргізушіге қатысты қабылданған шаралар құпия болып қалатыны хабарланған.
Жәбірленуші электрон форматта полицияға арыз түсірген. Әзірге құқық қорғау органдарынан жауап болмаған. Оқиға әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырып, такси қызметтеріндегі жолаушылар қауіпсіздігі мәселесі айтыла бастады.