Израиль Құдс арнайы бөлімшесінің негізгі командирлерінің бірі — Саид Изадиді өлтіргенін мәлімледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Reuters агенттігінің мәліметінше, соққы Иранның Қом қаласындағы тұрғын үйге жасалған. Бұл шабуылдар Тегеран мен Тель-Авив арасындағы кезекті қақтығыстар кезінде жасалған. Саид Изади — Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының сыртқы операцияларына жауапты “Құдс” күштерінің Палестина корпусын басқарған.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кацтың айтуынша, генерал Изади ХАМАС ұйымын 2023 жылғы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылға дейін қаржыландырып, қаруландырған. Бұл шабуыл кейінірек Газа секторында ауқымды соғыстың басталуына себеп болған. Кац бұл операцияны Израильдің әскери барлауы мен ӘӘК-нің “маңызды жетістігі” деп атады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 13 маусым күні Израиль әскері “Арыстандай халық” атты операцияны бастап, Иран инфрақұрылымына шабуыл жасаған еді. Бұған жауап ретінде Тегеран жүздеген зымыран ұшырды. Содан кейін Израиль әскери-әуе күштері Ирандағы нысандарға соққы жасай берді.
Сондай-ақ Дональд Трамп алдағы екі апта ішінде АҚШ-тың Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа әскери араласуға дайын екені жөнінде шешім қабылдайтыны хабарланған еді.