Қымбат көліктерге салынатын жаңа акциз енді тек импорт кезінде емес, Қазақстанда бұрын тіркелген көліктерді сату кезінде де қосымша төлем талап етілуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сенат депутаттары Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, люкс санатына жататын көліктерге 10% акциз салығын салуды ұсынды. Жаңа акциз Салық кодексінің 537-бабында көрсетіледі. Ұсынысқа сәйкес, егер жеңіл көлік немесе адамдарды тасымалдауға арналған басқа да көлік түрінің кедендік құны 75 миллион теңгеден асса, сол көліктің құнының 10 пайызы салық ретінде алынады.
КІМДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ
Бұл салық тек жеке тұлғаларға қатысты болады. Яғни, көлікті жеке адам сатып немесе шетелден әкелсе – осы акцизді төлеуге міндетті. Сенаторлар бұл салықты тек импорт кезінде емес, ел ішінде көлікті сатқанда да қолдануды ұсынды. Алайда көліктің нақты нарықтық немесе кедендік құны қалай есептелетіні әзірге белгісіз.
САЛЫҚ КОДЕКСІ
Бүгін, 23 маусым күні салық кодексінің жаңа жобасы қайтадан мәжіліске жіберілді. Сенат депутаттары құжаттың негізгі бөлімдерін мақұлдап, кейбір баптарын нақтылау үшін кері қайтарды.