Ресей Федерациясы зымыран өндірісін Қазақстан аумағындағы Байқоңыр ғарыш айлағына көшіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
LS басылымының мәліметінше, Қазақстан мен Ресей бірлесіп «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жоспар бойынша, «Союз-5» зымыран тасығышының алғашқы ұшырылымы 2025 жылдың желтоқсанында жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Ресей зымыран өндірісін өз аумағынан Байқоңырға көшіру мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады.
- Қазіргі таңда жалға алынған 1,7 мың шаршы шақырым жер телімін шығару жұмыстары жүріп жатыр. Бұл аумақта арнайы экономикалық аймақ құру жоспарланған. Ол жерде отандық ғарыштық жобалармен қатар шетелдік стартаптар жүзеге асады, – деп мәлімдеді үкімет.
БОЛАШАҚ ЖОСПАРЛАР
Үкіметтің болжауынша, 2030 жылға қарай жаһандық зымыран жасау нарығының көлемі 113 миллиард долларға жетуі мүмкін. Осыған байланысты, 2026–2028 жылдар аралығында елімізде ғарыш саласына қатысты қолданбалы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдауға 8,2 млрд теңге бөлу туралы ұсыныс Қаржы министрлігі тарапынан қарастырылуда.
АНЫҚТАМА
Қазіргі уақытта Байқоңыр ғарыш айлағындағы 10 ұшыру кешенінің тек үшеуі ғана ресейлік тараппен қолданыста:
Екеуі «Протон-М» зымыранына,
Біреуі «Союз-2» зымыран тасығышына арналған.