Экономист әрі кәсіпкер Максим Барышев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Uchet.kz платформасының негізін қалаушының айтуынша, халыққа салық-бюджет реформасы уәде етілген болатын. Бұл реформа адал жұмыс істейтін бизнеске қолайлы орта қалыптастырады делінген. Алайда іс жүзінде жаңа салық кодексіне енгізілген өзгерістер керісінше – салықтардың өсуіне және бизнес үшін талаптардың күшеюіне алып келуде. Оның сөзінше, ҚҚС мөлшері 16%-ға дейін көтерілгенімен, жалақы қорына түсетін жүктеме әлі де тым жоғары – міндетті зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік төлемдерді қосқанда 40%-дан асады.
– Бизнес барған сайын көп төлейді, ал даму үшін қаражат қалмайды. Бұл - бизнестің банкротқа ұшырауына, жұмыссыздықтың өсуіне және экономиканың тоқырауына апаратын жол. ҚҚС-ты алдын ала төлеу - мүлде абсурд. Тауарды сатпай тұрып салық төлеу - ұзақ өтелетін және маржасы төмен шағын бизнес пен өндірісті тұралатады. Бұл - қосымша құн салығының табиғатына қайшы, себебі бұл жанама салықты соңғы тұтынушы төлейді. Ал жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерлерге B2B форматындағы қызмет көрсетуге тыйым салу - бұл оларды нарықтан шеттету деген сөз. Жаңа салық кодексі осы күйінде қабылданса, 200 мыңнан астам бизнес жабылуы мүмкін. Бұл - жалға беру, қызмет көрсету, шағын өндіріс және ел ішіндегі жеткізу тізбектерінің үзілуіне әкеліп, 1 миллионға жуық жұмыс орнына қауіп төндіреді. Біз жеңілдік сұрап отырған жоқпыз. Біз тек ақылға қонымды шешімдер қабылдауды сұраймыз. ҚҚС мөлшерін күрт көтермеуді, алдын ала ҚҚС төлеу тәртібін алып тастауды талап етеміз, - деді өз үндеуінде Максим Барышев.
САЛЫҚ КОДЕКСІ
25 маусымда жаңа салық кодексі қол қою үшін президентке жолданған болатын.