×
519.64
609.23
6.62
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.64
609.23
6.62

Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді

Бүгін, 09:35
Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді
ЖИ / ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгеретініне шолу жасады. 

БАНК ШОТТАРЫ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

1 шілдеден бастап қазақстандықтардың барлық шоты Ұлттық банк бақылауында болады. Қазақстан Ұлттық банкінің қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап еліміздегі екінші деңгейлі банктер, шетелдік банктердің филиалдары, Қазақстанның даму банкі және Қазпошта барлық резиденттер мен бейрезиденттердің банктік шоттары мен салымдары бойынша есептілікті Ұлттық банкке тапсыруға міндетті болады.

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ

Қазгидромет өкілдері шілде айында қай өңірлерде құрғақшылық болуы мүмкін екенін айтты. Алдын ала есептеулер бойынша 2025 жылдың шілдесінде бірқалыпты құрғақшылық жағдайлар күтіледі. Құрғақшылық болуы мүмкін өңірлерді мына сілтеме арқылы көре аласыз. 

БІРЫҢҒАЙ ВАУЧЕР

Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беру салаларын қамтитын жаңа ваучерлік жүйе енгізілмек. Пилоттық жоба бүгіннен басталады. Жобаны Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында төрт министрлік бірлесіп іске асырады. Жаңа жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секциялар, шығармашылық үйірмелер мен түрлі курстарды бір цифрлық платформада біріктіреді. Ең маңызды жаңалық – балалар енді әлеуметтік мәртебесіне қарай 12 түрлі санат бойынша жеке кезекпен қабылданады. Бұл бұрынғыдай кезектің орын ауыстыруын болдырмайды.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

2025 жылғы шілдеден бастап сауда және интеграция министрлігі бірқатар негізгі азық-түлік тауарларына арналған минималды көтерме бағаларды қайта бекітті. Өзгерістер ұн, өсімдік майы, күшті алкоголь өнімдері мен ашытқыға қатысты. Сарапшылар бағаның көтерілуіне дейін қажетті тауарларды алдын ала алып қоюға кеңес береді.

Қай тауарлардың бағасы көтеріледі?

Ұн (жұмсақ бидай мен спельта ұны):

  • Бұрынғы бағасы: 96,65 теңге/кг. Жаңа бағасы: 139,81 теңге/кг

Өсім: шамамен 45%

Бұл баға өсімі үй жағдайында дайындалатын нан-тоқаш өнімдеріне тікелей әсер етуі мүмкін.

Күнбағыс майы:

Жаңа көтерме баға: 594,04 теңге/кг. Өсім: 61,2%

Не арзандайды?

Тауық жұмыртқасы: Бұрынғы баға: 39,38 ₸/дана. Жаңа баға: 37,8 ₸/дана Яғни, баға төмендейтін жалғыз өнім — тауық жұмыртқасы ғана.

ДӘРЕ-ДӘРМЕК АРЗАНДАЙДЫ

Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиевтің мәлімдеуінше, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде дәрі-дәрмектердің көтерме және бөлшек бағасы 30%-ға дейін төмендейді. Бағаның арзандауы дәрі-дәрмекті тасымалдау, кедендік рәсімдер мен маркетингтік қызметтер сияқты қосымша шығындарды алып тастау есебінен жүзеге асады.

АЙЫППҰЛ

5 шілдеден бастап Қазақстанда жасыл желекті қорғауға арналған жаңа ережелер күшіне енеді. Енді рұқсатсыз ағаш немесе бұта кескендер заң алдында жауап береді. Жаңа тәртіпке сәйкес, әрбір зақымдалған немесе заңсыз кесілген ағаш пен бұта үшін айыппұл белгіленеді. Бұл мөлшер өсімдіктің түрі мен жасына қарай есептеледі. Айыппұл көлемі айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланады. 2025 жылы 1 АЕК — 3 928 теңге. Тиісінше, табиғатқа залал келтірген азаматтар енді нақты қаржылық жауапкершілікке тартылады.

БАЛА АСЫРАУДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

1 шілдеден бастап елімізде бала асырап алудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасы енгізіледі.  Бұл – балаларға жайлы әрі қауіпсіз үй жағдайын қамтамасыз етуге арналған уақытша шешім. Мұндай отбасылар бір мезгілде төрт балаға дейін қамқорлығына ала алады, әр балаға жеке назар аударылып, қолдау көрсетіледі. Кәсіби қабылдаушы отбасы атануға ниеттілер міндетті түрде психологиялық дайындықтан өтуі қажет.

ЭКСПОДАҒЫ ШАР

ЭКСПО-ғы шар 1 шілдеден бастап цифрлық даму министрлігіне өтеді. Журналистер EXPO орталығының неге туристер үшін жабық тұрғанын және ішкі жөндеу жұмыстарының себебін сұрады. Жаслан Мадиев орталықтың оның министрлігіне өтетінін растады.

Дұрыс айтасыз. Үкімет KazExpoCongress компаниясын цифрлық даму министрлігіне беретін болды. Көшіру жұмыстары 1 шілдеден басталады. EXPO қалашығын одан әрі дамыту жоспары бар, деді Мәдиев.

ДЕМАЛЫС

Қазақстанда жыл сайын 6 шілдеде Астана күні атап өтіледі. Бұл күн ресми мереке саналып, демалыс күні болып есептеледі. Биыл Астана күні жексенбіге сәйкес келгендіктен, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес, келесі жұмыс күні — 7 шілде, дүйсенбі — демалыс болып белгіленеді.

Осылайша, қазақстандықтар биыл Астана күніне орай екі күн — 6 және 7 шілде күндері қатарынан демалады.

Серіктес жаңалықтары