Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен (АБИИ) тағы да 300 миллион доллар көлемінде несие сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл жолы Қазақстан үкіметі "жасыл экономика" жобаларын іске асыру үшін қаржылай көмек сұрап, банкке ресми өтініш жолдаған. Бұл туралы inbusiness.kz жазды.
– Бағдарлама Дүниежүзілік банктің басқа бір несиесімен бірлесе қаржыландырылмақ. Дүниежүзілік банк негізгі кредитор болмақ, – делінген жобаның қысқаша сипаттамасында.
Сарапшылардың айтуынша, әңгіме Дүниежүзілік банктің жалпы құны 600 млн доллар болатын "Инклюзивті және орнықты экономикалық өсім" атты несиелік жобасы туралы болуы мүмкін. Бұл қаржыландырудың бір бөлігі жаңартылатын энергия көздерін дамыту, электр және жылу тарифтерін шығынды толық жабатындай етіп реформалау мен энергия тиімділігін арттыруға бағытталмақ.
КОНТЕКСТ
Қазіргі уақытта АБИИ Қазақстаннан тағы екі жоба бойынша өтінішті қарап жатыр:
Алматыны айналып өтетін темір жол желісін салуға – 150 млн доллар (тапсырыс беруші – ҚТЖ);
Ақтөбе – Ұлғайсын жолын қайта жаңғыртуға – 502 млн доллар (тапсырыс беруші – "ҚазАвтоЖол").