Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты ресейлік әскери қызметкердің түсіндірме хатын жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
1 шілде, сейсенбі күні Әзербайжанның Minval басылымы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Грозный қаласына жақындаған кезде атып түсірілген Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясының Embraer 190 ұшағына оқ ату туралы бұйрық берген ресейлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс капитаны Дмитрий Паладичуктің түсіндірме хатын жариялады. Құжат мәтініне қарағанда, атысты бастау туралы бұйрықты капитан берген.
Minval жариялаған материалда редакцияға "соққы сәтінде түсірілген бейне және аудио жазбаларды қамтитын анонимді хат келіп түскені" айтылады. Сол материалдар қатарында капитанның түсіндірмесі де бар.
ХАТ
Түсіндірме хаттың өзінде Embraer 190 ұшағы нақты аталмаған. Құжатта "тұман салдарынан көзге көрінбеген, бірақ анықталған әлеуетті нысана" туралы айтылған. Капитан Паладичук бұл нысан жөнінде 51-дивизияның әскери басқару пунктіне баяндап, оның биіктігі мен жылдамдығын жеткізген. Телефон арқылы ол нысананы жою туралы бұйрық алып, операторға атуға пәрмен берген. Бірінші зымыран нысанаға тимеген соң, Паладичук екінші мәрте оқ атуға бұйрық берген.
ПАЛАДИЧУК ДЕГЕН КІМ
The Insider басылымы капитан Дмитрий Паладичуктің расында да Ресейдің түрлі әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімдерінде, оның ішінде Новосібірдегі Әуе күштері мен ӘШҚҚ 14-армиясында қызмет еткенін анықтаған.
The Insider мәліметінше, Паладичук редакциямен телефон арқылы сөйлесу барысында түсіндірме хаттың шынайылығын растаған.
- Паладичук бұл түсіндірмені "әскер қолбасшысының" талабымен "ұшаққа оқ атқаннан кейін" жазғанын айтты. Сондай-ақ ол хаттағы өз қолтаңбасының ерекшеліктерін, мысалы, "ё" әрпін жазу үлгісін растады. Бұған қоса, азербайжандық БАҚ-та жарияланған видеодағы дауыс та Паладичуктің даусымен сәйкес келеді, – деп жазады The Insider.
ҰШАҚ АПАТЫ
Естеріңізге сала кетсек, былтыр 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңында Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) бет алған әзірбайжандық «Az Airlines» әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы құлап, борттағы 67 адамның 29-і аман қалып, 38-і қаза тапты.