Смартфонға ruID қосымшасын орнату қауіпсіз бе? Бұл сұрақты қазақстандық саясаттанушы көтеріп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Саясаттанушы Марат Шибұтов ҚР ҰҚК-нің Мемлекеттік техникалық қызметіне (МТҚ) ruID қосымшасының қауіпсіздігіне қатысты тексеру жүргізуді ұсынды.
– Қазақстандықтар Ресейге кіргенде өз смартфондарына орнатуы тиіс ruID қосымшасын МТҚ тексерсе қызық болар еді. Бұл қосымша қандай деректерді жинайды және олар қайда жіберіледі? Оны расымен өшіруге бола ма, жоқ па – соны анықтау қажет, – деп пікір білдірді сарапшы.
БҰҒАН ДЕЙІН
30 маусымда Ресей шетел азаматтарынан биометриялық деректер жинау жобасын ресми түрде іске қосты. Визасыз режимдегі елдердің азаматтарына, оның ішінде Қазақстан азаматтарына, сапарға дейін бірыңғай сәйкестендіру және аутентификация жүйесінде тіркеліп, ruID арқылы кіруге өтінім беру ұсынылады.