×
518.37
609.97
6.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.37
609.97
6.6

«Ташкент қанды оқиғаны ұмыт қалдырғысы келеді»: Нөкіс оқиғасына үш жыл

Бүгін, 15:34
«Ташкент қанды оқиғаны ұмыт қалдырғысы келеді»: Нөкіс оқиғасына үш жыл
Фото: Ашық дереккөзден

Қарақалпақстандағы Нөкіс оқиғасына үш жыл толған уақытта халықаралық құқық қорғау ұйымдары Өзбекстан билігін зорлық-зомбылық жасағандарды жауапқа тартуға және құрбандарға қатысты әділеттілікті қамтамасыз етуге шақырды.

“ӨЗБЕКСТАН ҮКІМЕТІ ҚАНДЫ ОҚИҒАНЫ ҰМЫТ ҚАЛДЫРҒЫСЫ КЕЛЕДІ”

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша өкілі Мира Риттман үш жыл уақыт өтсе де Нөкіс оқиғасының ақиқаты ашылып, кінәлілер жазаланған жоқ деді.

– Өзбекстан үкіметі 2022 жылдың шілдесінде Қарақалпақстанда болған оқиғаларды жасырып, оларды ұмыт қалдырғысы келеді. Алайда, наразылық білдірушілерге шамадан тыс күш қолдану және адам өлімі сияқты қылмыстар үшін жауапқа тартуды талап ету үш жыл бұрынғыдай өзекті болып қала береді. Қарақалпақстандағы оқиғалардан кейін АҚШ, Еуропалық Одақ, Ұлыбритания және адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар кеңсесі сияқты халықаралық серіктестер ресми Ташкентті тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырды. Сондықтан олардың Қарақалпақстандағы заң бұзушылықтар үшін кінәлілерді жауапқа тарту және Дәулетмұрат Тәжімұратовты босату туралы үндеулерге құлақ асқандары өте маңызды, – дейді Риттман Азаттық радиосына.

ТӘЖІМҰРАТОВТЫҢ ТАҒДЫРЫНА АЛАҢДАУ

1 шілдеде CIVICUS Monitor платформасында жарияланған есепте «Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік»  және «Орталық Азиядағы Адам құқықтары қауымдастығы» (AHRCA) ұйымдары қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың тағдырына алаңдаушылық білдірді. Олар Тәжімұратов түрмеде үздіксіз қысымға ұшырап, азапталып жатқанын айтты.

НӨКІС ОҚИҒАСЫ ЖӘНЕ БАСЫП-ЖАНШУ

2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы 1-2 шілдеде Қарақалпақстанда елдің наразылығын оятты.

Аса маңызды мәселеде қарақалпақ халқының пікірін ескеру талабымен бейбіт митинг өткізуге рұқсат алғанын айтқан наразылық лидері заңгер Дәулетмұрат Тәжімұратовты биліктің ұстап әкетуі отқа май құйғандай әсер етті. Нөкіс, Мойнақ, Шымбай және Қарақалпақстанның басқа да жерлерінде жұрт жаппай қарсылық митингісіне шықты.

Көшеге шыққан халықтың талабынан соң Тәжімұратовты босатқанымен, билік халықпен диалог өткізуге құлық танытпады, бұрыннан өзі білетін ескі әдіске салып, наразы жұртқа қарсы күш қолданды.

Өзбекстан Ұлттық гвардиясы алаңда тұрған бейбіт халыққа оқ атты. Өзбекстан бас прокуратурасының дерегінше, Нөкіс оқиғасы кезінде 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Бірақ құқық қорғаушылар қаза болғандар саны бұдан әлдеқайда көп дейді.

2022 жылғы 14 желтоқсанда Өзбекстан бас прокуратурасы Нөкіс оқиғасы бойынша 171 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Бұхарада 22 адамның ісі бойынша сот процесі өтті. "Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов «Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға тырысты», «билікті басып алу мақсатында сөз байласты», «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп айыпталып, 16 жылға сотталды.

Сот үкімімен 15 адам 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылды. Қалғандары әртүрлі мерзімге шартты жаза алды. "39-дың сотында" 28 адам 5 жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айрылды, 11 адамның бостандығы 5 жылға шектелді. Апелляциялық соттан кейін 16 адамның жаза мерзімі азайтылған. 7 адамның үкімі өзгеріссіз қалған.

СОТТАЛҒАН САНАУЛЫ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ

Нөкіс оқиғасы кезінде заң бұзып, адамдарды азаптады деп айыпталған ішкі істер министрлігінің үш қызметкері 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚУДАЛАУ

Құқыққорғаушылар Өзбекстан билігі Нөкіс оқиғасынан кейін ел ішіндегі азаматтардан бөлек, шетелде тұрып жатқан, Қарақалпақстан егемендігі мен тәуелсіздігі туралы ой-пікірін ашық білдіріп жүрген белсенділерге түрлі айып тағып, елге әкеліп, жазалауға тырысады дейді. Мысалы, Қазақстанда бірнеше қарақалпақ белсендісі Өзбекстанның сұрауы бойынша ұсталып, қамалды. Кейіннен олардың кейбірі АҚШ-тан саяси баспана алып, сонда қоныс аударды.

 

Серіктес жаңалықтары