Қазақстанда ипотекалық нарықтың айтарлықтай әлсіреуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Krisha.kz мәліметінше, тиімді сыйақы мөлшерлемесін 20%-дан асырмау туралы шектеу қазіргі жоғары инфляция, қымбат қорландыру және базалық мөлшерлеменің 16,5% деңгейінде сақталуы жағдайында ипотекалық нарыққа үлкен соққы болуы мүмкін. Мұндай шектеулер әсіресе мемлекеттік бағдарламалардан тыс ұсынылатын нарықтық ипотекаға әсер етеді. Банктер шығынды өнімдерді ұстап тұра алмай, ипотекадан бас тартып, корпоративтік несие беру сияқты басқа бағыттарға ауысуы мүмкін.
— Базалық мөлшерлеме мен жаңа шекті тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ГЭСВ) арасындағы 3,5 пайыздық айырма – банктер үшін өте аз. Бұл айырма қорландыру құнын, кредиттік тәуекелді және операциялық шығындарды жабуға жетпейді. Нәтижесінде, ипотека көпшілік үшін қолжетімді болмақ түгілі, керісінше шектеле түседі. Бұл шешім нарықтағы бәсекені төмендетіп, мемлекеттік бағдарламаларға тәуелділікті арттырады, – дейді Қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досов.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
Жылжымайтын мүлік саласының мамандары ипотека одан сайын қолжетімсіз болады деп есептейді, әсіресе екіншілік нарықта. Банктер талаптарды күшейтеді: алғашқы жарна мөлшері, клиенттің кредиттік тарихы (скоринг), пәтердің жасы бәрі қатаң қарайтын факторға айналады.
Тұрғын үй бағасының төмендеуі күтілмейді, себебі ұсыныс аз. Ал алғашқы нарықтағы (жаңа үйлер) жағдай мемлекеттік қолдау есебінен сақталуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, екіншілік нарықты құтқарудың жалғыз жолы – жаңа ипотекалық бағдарламалар енгізу.