Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында балықтың жаппай қырылуы тіркелді. Оның себептерін экологтар анықтап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Каспий теңізінің Форт-Шевченко қаласы маңындағы жағалауында тағы бір алаңдатарлық жағдай болды. Түпқараған ауданының тұрғындары көптеген өлі балықты байқап, бұл туралы әлеуметтік желілерде хабарлаған. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар желі қолданушылары арасында қызу талқы мен алаңдаушылық туғызды.
7 шілде күні жағалауға Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары барды. Лабораториялық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары мен балық шаруашылығы басқармасының өкілдері теңіз суынан сынамалар алып, экологиялық апаттың ықтимал себептерін анықтауға кірісті.
АЛҒАШҚЫ ЖАҒДАЙ ЕМЕС
Биыл бұл Каспийде тіркеліп отырған теңіз жануарларының алғашқы жаппай қырылуы емес. 1 мамырда 88 итбалықтың өлі денесі табылса, 9 мамырда тағы да итбалықтар мен құстардың өлекселері анықталған. Айдың соңына қарай, екі күннің ішінде Форт-Шевченко маңынан тағы 117 итбалықтың өлігі табылды.
Ауқымды жағдайға қарамастан, балық шаруашылығы комитеті бұған дейін итбалықтардың көпшілігі 2024 жылдың қараша-желтоқсан айларында қырылғанын мәлімдеген еді. Алайда жағалауда өлі жануарлар мен балықтардың жиі табылуы мұндай түсіндірулерге күмән тудырады.