×
519.58
609.36
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.58
609.36
6.63

Алматы хостелінде 13 адам қаза тапты: сот үкімі шықты

Бүгін, 15:48
Алматы хостелінде 13 адам қаза тапты: сот үкімі шықты
Фото: Ұлысмедиа

Алматыда 2023 жылдың қарашасында хостелде болған өрт салдарынан 13 адам қаза тапқан оқиғаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘНІ

Алмалы аудандық соты екі адамның - М. және П.-ның ісін қарады. Олар өрт қауіпсіздігін өрескел бұзып, соның салдарынан бірнеше адамның өмірін қиюға әкеп соқтырды деп айыпталды.

НЕ ДӘЛЕЛДЕНДІ

П. - формалды келісім, жауапсыздық:

Өрт дабылын орнату үшін ЖШС-пен келісімшарт жасасқан. Алайда өзі нысанға бармаған, жұмысты танысына тапсырған. Орнату ережеге сай болмаған, дыбыс деңгейі тым төмен болған (75 дБ орнына 28,8–58 дБ).

М. - өрт қаупін ескермеген:

Жертөледе 6 бөлмелі, 48 адамға арналған жатын орын ұйымдастырған. Эвакуация есігін құлыптап қойған. Дәлізге матрастар төсеп, шығатын жолды тарылтқан.

ТАРАПТАРДЫҢ ПІКІРІ

Прокурор 4–5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жәбірленушілер заңға сай жаза мен моральдық және материалдық өтемақы талап етті. Сотталушылар кінәсін мойындамады.

СОТ ҮКІМІ

М. - 5 жылға бас бостандығынан айырылды (ҚР ҚК 292-бап 3-бөлік).

П. - 4 жылға бас бостандығынан айырылды (ҚР ҚК 306-бап 3-бөлік).

Екеуінен жәбірленушілерге 7 млн теңге моральдық зиян және материалдық шығын өндіріп алынады.

Жеңілдететін жағдайлар ретінде:

М.-ның 6 жәбірленушіге өз еркімен өтемақы төлегені және 5 баласы бар екені, П.-ның кәмелетке толмаған баласы бары ескерілді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

ХОСТЕЛДЕГІ ӨРТ

2023 жылы 30 қараша күні таңғы сағат 5:33 шамасында Әди Шаріпов көшесі, 86 мекенжайындағы Almaty Hostel жертөле үй-жайы өртке оранған. Жану алаңы – 30 ш.м. Салдарынан 13 адам қаза тапты. Өрт орнынан 59 адам эвакуацияланды, оның үшеуі жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.

Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Серіктес жаңалықтары