×
518.97
607.3
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.97
607.3
6.64

Ресей әзербайжан диаспорасының жетекшісін депортациялады

Бүгін, 09:40
Ресей әзербайжан диаспорасының жетекшісін депортациялады
Фото: РБК

Мәскеу облысындағы әзербайжан диаспорасының жетекшісі Елшан Ибрагимов Әзербайжанға депортацияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

4 шілде күні Елшан Ибрагимов Ресей азаматтығынан айырылған. «Известия» басылымы Ибрагимовтың әуежайда түсірілген видеосын жариялады. Видеода ол депортациялау туралы шешім сіз күтпеген жағдай болды ма деген сұраққа «иә» деп жауап қатқан. Ибрагимов «аздап жабырқап» қалғанын айтқан.

РБК мәліметінше,, Ибрагимовтың азаматтығы «Ресей Федерациясының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттер жасады» деген айып бойынша алынған. Алайда, Ибрагимов шешімнің нақты себептерін айтудан бас тартып, Әзербайжанға оралған соң бірнеше күннен кейін бұл жағдайға байланысты пікір білдіремін деген.

ЕЛШАН ИБРАГИМОВ КІМ?

Елшан Ибрагимов Ресейде 30 жылға жуық уақыт тұрды. 2018 жылдан бері Мәскеу облысындағы әзербайжан диаспорасын басқарды. Сонымен қатар, 2018 жылғы сайлау науқаны кезінде губернатор Андрей Воробьёвтың сенімді өкілі болған және Мәскеу облысындағы ұлттық-мәдени автономиялар жөніндегі Консультативтік кеңестің мүшесі ретінде қызмет атқарған.

Ибрагимов Ресей азаматтығынан айырылғаннан кейін, Мәскеу облыстық қоғамдық палатасының сайтынан оның аты-жөні мен қызметі туралы ақпарат өшірілді.

МӘСКЕУ МЕН БАКУ АРАСЫНДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС

Әзербайжан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қақтығыс 27 маусымда Екатеринбург қаласында рейд кезінде қаза тапқан ағайынды Зиаддин және Гусейн Сафаровтардың өлімінен кейін ушықты. Ресей полициясы Зиаддин жүрек талмасынан қайтыс болды деген. Ал Гусейннің қазасы туралы үнсіз қалған. Ресей құқық қорғау органдары олардың 2001, 2010 және 2011 жылғы адам өлтіру қылмыстарына қатысы барын айтқан.

Әзербайжан бас прокуратурасы «60 жастағы Гусейн Сафаров шағын кәсіппен айналысқан, Екатеринбург полиция бөлімінде азапталып өлтірілген. Ал оның інісі, көлік жүргізушісі болып істейтін Зиаддин Сафаровты полиция қызмет көлігінде таңертең өлтірген» деп мәлімдеді.

Әзербайжан бас прокуратурасы «асқан қатыгездікпен топ болып адам өлтіру», «қызмет өкілеттігін асыра пайдалану», «азаптау» сияқты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Осыдан кейін Бакуде Ресейдің «Sputnik Әзербайжан» ақпарат агенттігінің кеңсесіне тінту жүргізіп, екі адамды ұстады. Кейіннен олардың агенттік бас редакторы Игорь Картавых пен шеф-редакторы Евгений Белоусов екені белгілі болды. Баку соты оларды төрт айға қамауға санкция берді. Ресми ұсталғандар «Ресейдің федералдық қызметінде істейтін агенттер» деп айтылды. Мәскеу оларды журналистер деп атап, дереу босатуды талап етті. Ресейлік пропагандалық журналист, «Россия сегодня» медиатобының бас редакторы Маргарита Симоньян тағылған айыпты «мүлдем ойдан шығарылған» деп атады. «Sputnik Әзербайжан» осы медиатоптың құрамына кіреді.

Ақпан айында Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің өкілі Айхан Гаджизаде «Sputnik Әзербайжан» агенттігі жабылғанын мәлімдеп, бұл медиа ұйымның тек бір тілшіге аккредитация алуға мүмкіндігі барын айтқан. Әзербайжан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, агенттіктің аккредитациясы тоқтатылғанына қарамастан, редакция «заңсыз қаржыландырылып», жұмысын жалғастыра берген.

Бұған қоса, Әзербайжан елде өтуі тиіс Ресейге қатысы бар мәдени шараларды да тоқтатып тастады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Бакудың бұл әрекетін айыптады.

1 шілдеде Әзербайжан ел аумағында жүрген ресейліктерге рейд жүргізді. Оны «кибер қылмыс жасағандар мен есірткі саудасымен күрес» деп атады. Ресейлік басылымдар ұсталғандар арасында Мәскеу Украинаға басып кіргенде елден кеткен программистер бар деді. Олардың азапталып жатқанын жазды.

Серіктес жаңалықтары