×
518.97
607.3
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.97
607.3
6.64

«Үйімді сүруге қарсымын»: Алматы тұрғындары Дархан Сатыбалдыға талап қойды

«Үйімді сүруге қарсымын»: Алматы тұрғындары Дархан Сатыбалдыға талап қойды
ulysmedia коллажы

Алматыдағы Өжет шағын ауданының бір топ тұрғыны наразылық білдіріп, қала әкімі Дархан Сатыбалдығы үндеу жасады. Олар жол салуға байланысты үйлерінің сүрілетініне қарсы. Сөздерінше, шағын ауданда заңдастырылмаған жер телімдері мен тұрғын үйлер жүздеп саналады. Айта кетейік, бұл экс-әкім Ерболат Досаевтың кезінде қабылданған шешім, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ҮЙІМДІ СҮРУГЕ ҚАРСЫМЫН»

Өжет ықшам ауданының тұрғыны Рая Қалибекқызы отыз жылдан бері үйімді заңдастыра ала алмай келемін дейді. Сөзінше, бармаған жер, баспаған тауы, ашпаған есігі қалмаған. Билік органдары осы уақытқа дейін бір-біріне сілтеп, мәселесін шешпеген.

– Мен отыз жыл бойы үйімді заңдастыра алмай жүрген кезде, енді үйімді сүрейін деп жатыр. Алатау ауданының әкімі Талғат Жанболатұлына бардым. Ол кісі айтады, жұмыс тобы құрылуы керек. Жұмыс тобы сіздердің жағдайларыңызды қарастырады. Шешіп береді, заңдастырады деді. Бірақ 2025 жылдың жазы болды ешқандай жұмыс тобы жоқ. Өжеттің бас жағындағы үйлерге ескерту келіп жатыр. Келесі апта бағалаушылар келеді, екі айдан кейін үйді босатасыңдар деген. Менің үйімнің ешқандай құжаты жоқ. Мен жалпы үйімді босатуға қарсымын, – дейді ол.

Рая Қалибекқызы Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдының қабылдауына жазылған. Бірақ ол қабылдамаған. «Бір учаскеде екі отбасы тұрамыз, он екі адам далада қаламыз ба» деп алаңдайды ол.

– Біз сияқты құжаты жоқ шамамен жүздей үй бар. Мен Талғат Жанболатұлына осыдан үш апта бұрын барғанымда «Сонда мен чемоданымды арқалап?» деп едім «иә, жер үкіметтікі, егер құжатың жасалмаса чемоданыңда арқалап кете бересің» деді. Ал мен ол үйден тектен-тек шығып кетпеймін. Бүкіл халық тектен-тек шығып кетпейді. Себебі менің Шәлкөде 53-те тұратын шешемнің учаскесінде бізде екі үй тұр. Екі үйде он екі адам өмір сүріп жатыр. Қалай ол шығып кетіп, екі үй далада қалады. Біз Қазақстан азаматымыз. Біз ешқайдан келген жоқпыз. Біздің құқығымызды қорғайтын бар шығар үкімет орындары. Мен тікелей жаңағы Дархан Сатыбалдығы «Мен Рая Қалибекқызы, үйімді сүруге қарсымын [деп айтөым келеді], – дейді Рая Қалибекқызы.

«БАЛАМА ҰСЫНЫСТАН КЕЙІН АРХИТЕКТОР ОРНЫНАН КЕТТІ»

Тағы бір аудан тұрғыны Раушан Нүсіпова жолды басқа жақпен де жүргізуге болады дейді. Оның сөзінше, әкімдікке жол салуға арналған балама жер учаскесін де ұсынған. Бірақ қалалық архитектура бөлімі оны қабылдамаған.

– Біз тек қана бізден аулақ жүріңдер. Мыңдаған адам қайыршының күнін кешпесін, құтқарыңдар деп жатқан жоқпыз. Біз мәселені шешуде балама жол барын айтып отырмыз. Қазақстандықтар ретінде сіздер соған мүдделі болуларыңыз керек. Біріншіден, бұл үйлерді сатып алудың қажеті жоқ. Мына жерде [Өжет іргесінен өтіп жатқан сай мен Тереңқара өзенінде] екшкім жоқ. Мұғалжар көшесін кеңейту туралы біз архитекторға көрсеттік. Ол осы үшін орнынан айырылды, – дейді ол.

«БҰЛ ЖОЛ ЕҢ ТИІМДІ ШЕШІМ»

Алматы қаласының қалалық мобилділік бөлімінің өкілі Қайрат Анарбаев Тілендиев көшесін созу бойынша жоспар екіге бөлінген. Жоспардың бірінші бөлігі бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайын болған. Екінші бөлігі бойынша жасалып жатыр. Ол тұрғындардың ұсынысын қабылдай алмаймыз дейді. Сөзінше, ол жақтағы жердің бір бөлігі Алматы облысына қарайды. «Облыс әкімдігімен келісуге болмай ма?» деген сұраққа ол нақты жауап бере алмады.

– Бірінші кезек бойынша 120 жер телімін мемлекет қажеттілігіне алу көзделген. Қазіргі уақытта екінші кезек бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Қазір ол шешім алу үшін мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Алдын ала есеп бойынша, 392 жер телімін алу көзделіп отыр. Жолды басқа аймаққа жылжылу бойынша айтатын болсақ, өздеріңіз көріп тұрсыздар, батысқа қарай сай бар. Одан Тереңқара өзені ағып жатыр. Ол өзеннің санитарлық аймағы бар. Сол себепті біз ол жаққа қарай жылжи алмаймыз. Ал шығыс жаққа қарай жылжитын болсақ, ол бұдан да көп жер учаскелерін алуды қажет етеді. Бұл жол ең тиімді шешім, – дейді Қайрат Анарбаев.

«ТҰРҒЫНДАР КЕЛІСПЕСЕ СОТҚА ЖҮГІНЕМІЗ»

Жерді сатып алумен айналысатын қалалық жер басқармасының жер сатып алу бөлімінің басшысы Мұхтар Көлбаев тұрғындардың ешқайсысы далада қалмайды деп сендірді. Бірақ ол құжаты жоқ үйлерге қатысты нақты ешнәрсе айта алмады. Жер учаскесі мен үйін босатудан бас тартқан адамдарды сотқа беретіндерін айтты .

– Қазіргі таңда осы екінші кезең бойынша 392 меншік иесі мемлекет мұқтажы үшін түседі. Соның ішінде 120 меншік иесіне әкім қаулысы қабылданды. Барлықтарына заңға сәйкес, пошта арқылы ескерту жіберілді. Ішінде 36 меншік иесі осы ескертуді алып, құжаттарын бізге мекемеге алып келді. Оны біз бағалау компанияларымен бірге нарықтық бағамен жер учаскесін, ондағы үйлерді, ауладағы қандай да бір құрылыстарды санайды. Егерде ол техпаспортта көрсетілсе, –дейді ол.

БІР-БІРІНЕ СІЛТЕГЕН АРХИТЕКТОР МЕН ИНСПЕКТОР

Құжаты жоқ жер учаскелері мен үйлердің мәселесі не болады? деген Ulysmedia тілшісінің сұрағына осы мәселемен айналысады делінген Алатау ауданы әкімдігінің өзін-өзі басқару комитетінің инспекторы Дәурен Ахметов та, қалалық архитектура бөлімінің өкілі Дәурен Алмасбеков те нақты жауап бере алмайды. Екеуі бір-біріне сілтеді. 

Жоспар бойынша жер учаскелері мен үйлерді сатып алу кезеңі 2027 жылға дейін аяқталуы тіс. Жол құрылысы қашан басталатыны әзірге белгісіз. 

Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда Өжет шағын ауданында 15 мыңнан астам адам тұрады. 2008 жылдан бері Алатау ауданының құрамына кіреді.

 

Серіктес жаңалықтары