Қазақстан тумасы Ресейде мемлекеттік опасыздық үшін 17 жылға сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЕРГЕУ НҰСҚАСЫ
Ресей тергеу органдарының мәліметінше, айыпталушы Ресей аумағында терактілер жасауға дайындалған.
Мәскеудегі 2-Батыс аймақтық әскери соты Қазақстанда туған, бірақ Ресей азаматы Петр Горбуновты мемлекеттік опасыздық, террористік ұйым қызметіне қатысу және жарылғыш заттарды заңсыз сақтау баптары бойынша кінәлі деп танып, 17 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.
ТЕРАКТ
Айыптау қорытындысына сәйкес, Горбунов Ресейде тыйым салынған террористік ұйым өкілдерімен байланыс орнатып, олардың тапсырмасы бойынша орман ішіндегі жерасты қоймадан жарылғыш құрылғыларды алып шыққан. Ол бұл құрылғыларды өз үйінде сақтап, кейін оларды террористік әрекеттер жасау үшін тапсыруды көздеген.
Алайда оны Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) Белгород облысы бойынша қызметкерлері құрықтап, жарылғыш заттарды тәркілеп, залалсыздандырған.
СОТ ҮКІМІ
– 2-Батыс аймақтық әскери соттың үкімімен ол аталған қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, 600 мың рубль көлемінде айыппұл салынды, – делінген ТАСС таратқан ресми хабарламада.