Президент Дональд Трамп АҚШ, НАТО және Украина арасында Киевке американдық қару-жарақты жеткізу туралы жаңа келісімді жариялады. Оның сөзінше, Вашингтон альянсқа қару сатады, ал ол оны әрі қарай Украинаға жеткізеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Американың NBC телеарнасына берген сұхбатында Дональд Трамп Украинаға қару-жарақ беру мәселесіне тоқталды. Оның сөзінше, АҚШ НАТО-ға қару-жарақ сатады. Ал ол оны әрі қарай Украинаға жеткізеді.
– Біз НАТО-ға қару жібереміз, ал НАТО бұл қару үшін 100% төлейді. Осылайша, біз жіберген қару НАТО-ға жеткізіледі, содан кейін НАТО бұл қаруды Украинаға жеткізеді, – деді Трамп.
Трамптың сөзінше, бұл АҚШ, НАТО және Украина арасындағы қару-жарақ беру туралы жаңа келісім. Тараптар бұл келісімге келу туралы маусымда өткен НАТО саммитінде уағдаласқан.
– Менің Ресейден көңілім қалды. Бірақ алдағы бірер аптада не болатынын көрейік, – деді Трамп. Ол 14 шілдеде Ресейге қатысты маңызды мәлімдеме жасайтынын айтты.
НАТО Дональд Трамптың мәлімдемесіне қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ. 10 шілдеде Альянстың бас хатшысы Марк Рютте Х желісінде көшбасшыларды Украина қажетті қару-жарақ алу үшін тағы да қадам жасауға үндеді.