Қоғам белсендісі әрі блогер Дәмир Күшеевтің жұбайы Ақмейір Күшеева президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ақмейір Күшееваның айтуынша, күйеуі алты айдан бері қамауда отыр. Ол президенттің Алакөлдегі туристік инфрақұрылымға қатысты айтқан кейінгі мәлімдемесіне тоқталып, бұл тақырыпты Дәмир Күшеев ресми деңгейде қозғалғанға дейін көтергенін еске салды.
— Бүгін Қазақстан президенті Алакөлде тәртіп орнату туралы тапсырма берді. Бірақ неге ешкім менің күйеуім Дәмир бұл туралы бұрын айтқанын елемейді? Ол бұл мәселені ашық көтеріп, заңбұзушылықтарды көрсетіп жүрді. Ол үндемей қалмады — шындықты айтты. Оны ақшаға ешкім үгіттеген жоқ. Ол – елін, халқын ойлайтын қоғам белсендісі, – деді Ақмейір Күшеева.
Ол президенттен күйеуінің ісіне назар аударуды сұрады.
– Ол шетелде Қазақстанның туын көтеріп жүрген азамат еді, ал қазір темір тордың ар жағында. Неге? Шындық үшін бе? Құрметті президент, сіз дәл қазір Дәмир ерте бастаған істі қолға алдыңыз. Ал енді Дәмир отбасынан, еркіндігінен, өмірінен айырылып отыр. Сізден әділдік орнатуыңызды сұраймын. Күйеуімді босатыңыз, – деді ол.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, Дәмир Күшеев 2025 жылғы 23 қаңтарда Алматыда ақша бопсалады деген күдікпен ұсталған. Онымен бірге блогер Руслан Кәрімов та қамауға алынған. Полиция мәліметінше, олар кәсіпкерге қатысты 8 млн теңге талап етіп, әйтпесе компромат жариялаймыз деп қорқытқан. Сонымен қатар 20 млн теңгеге қатысты арыздан бас тартуға көндіруге тырысқан.
Ұсталған сәтте 10 млн теңге алып жатқан. Осыдан кейін Күшеев пен Кәрімовке қатысты қылмыстық іс қозғалып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалған.