×
520.93
609.07
6.68
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
520.93
609.07
6.68

Әлемдік аренаны бағындырған спорт шебері бүгінде аула сыпырып жүр

Бүгін, 15:10
Әлемдік аренаны бағындырған спорт шебері бүгінде аула сыпырып жүр
Видеодан алынған кадр

Самбо мен дзюдодан Қазақстан атын әлемге танытқан Айсара Керімбекова бүгінде Алматыда аула сыпырып күн көріп жүр. 60 жастағы спорт ардагері ешкімге алақан жаймай, қара жұмыспен өз нәпақасын тауып келеді. Енді ол елден қолдау сұрап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Айсара Керімбекова — самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1992), дзюдодан спорт шебері (1990), 1988 жылы Калининградта өткен самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 1992 жылғы Азия чемпионы. Ол Қазақстанның үздік он спортшысының қатарына енген, КСРО Кубогының күміс жүлдегері, халықтар спартакиадасының қола медаль иегері.

“Уақыт көрсетеді” YouTube-арнасының хабарлауынша, бүгінде ол айына 100 мың теңге табысқа өмір сүріп отыр — ПИК (пәтер иелері кооперативі) қызметкері ретінде 60 мың теңге жалақы, қосымша ауланы сыпырғаны үшін 40 мың теңге алады. Ал қыста қар күрейді.

– Ауыр болса да, не істей аламын? Керек болған соң істеп жатырмын. Жанға батады. Өкінемін, – деп көзіне жас алды ол.

Қазір Айсара Керімбекова кезінде Заманбек Нұрқаділов берген бір бөлмелі пәтерде өзі, ұлы, туған әпкесі және құрбысымен бірге тұрады.

Оның ендігі арманы – Алматыда үш бөлмелі пәтер алып, көлікті болу.

– Әзірше күшім, қуатым болған соң өзім істеп жатырмын. Ешкімнен нан сұрамадым, ақша да сұрамадым. Енді қартайдық. Қолдың күші кетті, қауқар кетті. Қазақтың мен-мен деген азаматтары бар шығар. Тағы да сұрап жатырмын, үш бөлмелі үй берсе екен, жаяу жүрмейтіндей астыма көлік берсе екен деймін. Қазақстанға еңбегіміз сіңген шығар. Сондай ойдамын, – деді ол.

Айсара Керімбекованың айтуынша, осы күнге дейін елдің атын шығарған қаншама спортшының аты ұмытылып кетті. Ол бұл тізімге өзін де қосты.

– Құдай қаласа, жасым 60-қа келіп қалды. 60-қа келсе де, міне, ешкім ешқайда шақырмайды. Мысалы, дзюдодан, самбодан жарыс өтсе, “Апамыз бар еді” деп шақырса, неге қолдауға бармасқа? Неге соларға ақылымды айтпасқа? Айтқым келеді, барғым келеді. Мен де көргім келеді. Ешкім елемейді, ешкім шақырмайды. Өкінішті-ақ. Ұмыт болып қалдық қой, – дейді Айсара Керімбекова.

Серіктес жаңалықтары