Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты өтіп жатқан сот отырысында балаларға арналған орталықтың жалған құрылысына қатысты мәліметтер айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘҢГІМЕ НЕДЕН БАСТАЛДЫ
2021 жылдың қарашасында Перизат Қайрат ауыр дертке шалдыққан балаларға көмектесетін қоғамдық ұйымға жүгінген.
– 2019 жылы бұл қоғамдық ұйым Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімдігінен реабилитациялық орталық салуға жер телімін алғанын білген соң, Перизат Қайрат адамгершілік пен моральдық қағидаларды елемей, осы орталықты саламыз деген желеумен қаражат жинап, кейін оны жымқыруды көздеген, – деді прокурорлар.
Кейін ол аукцион ұйымдастырып, оған елге танымал тұлғаларды тартқан, ал әлеуметтік желіде шараны өткізуге қолдау көрсетуге шақырған. Соның нәтижесінде қоғамдық ұйымның шотына демеушілерден 9 млн теңге түскен.
ГОЛОВКИННІҢ ҚОЛҒАБЫ
Сотта 2021 жылғы аукционға қатысқан жәбірленуші кәсіпкер әйел сөз сөйледі. Оның айтуынша, шақыруды әлеуметтік желі арқылы алып, жобаны қолдауды жөн көрген. Аукционда оның компаниясы Геннадий Головкиннің қолғабын 10 млн теңгеге сатып алған, яғни ол бұл арқылы балаларға арналған орталықтың құрылысына үлес қосуды көздеген. Алайда жиналған қаржының кейінгі тағдырына ол араласпаған. Сот отырысында әйел сол ақшаны қайтаруды талап етті.
ҚАРАЖАТ ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛҒАН
Прокурорлардың айтуынша, аукцион өткен Sheraton Hotel мейрамханасын жалға алу үшін осы қаражаттан 3 млн теңге жұмсалған. Қатысушыларға берілген сувенирлерге – 193 мың теңгеден астам, ал мейрамхананы безендіруге және гүлдерге шамамен 1,1 млн теңге кеткен.
Перизат Қайрат шараға мүгедектігі бар балалар мен олардың ата-аналарын да тартқан.
– Қоғамның сеніміне кіру үшін ол демеушілер есебінен берілген екі пәтердің кілтін екі мұқтаж отбасыға өз атынан табыстады. Алайда бұл пәтерлерді ол сатып алмаған, – делінген айыптау актісінде.
Жалпы қоғамдық ұйымның шотына 12,6 млн теңге түскен: оның 1 млн теңгесі – жекелеген қордан, 10 млн теңгесі – ЖШС-дан келіп түскен.
ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ПЕН ЖЫМҚЫРУ ДЕРЕГІ
– Перизат Қайрат 48 млн теңгеден астам қаражат жиналды, ал ұйымға 100 млн теңге тұратын ғимарат сыйға берілді деп жалған ақпарат жариялаған, – деді мемлекеттік айыптаушылар.
Олардың сөзінше, ол шын мәнінде жоқ ғимарат туралы айтқан және орталық құрылысына жиналған қаражаттың 21,6 млн теңгесін жымқырған.