Өзбекстанның Қазақстан деңгейіндегі экономикаға жетуі өте қиын болады. Мұндай пікірді экономист Бехзод Хошимов білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сарапшының айтуынша, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы жан басына шаққандағы табыс айырмашылығы орасан – 5-6 есеге дейін жетеді. Хошимовтың пікірінше, қазіргі даму қарқынын сақтаған күннің өзінде Өзбекстанға Қазақстан деңгейіне жақындау үшін ондаған жыл, шамамен 30 жыл қажет болады.
– Бұл жағдайда, бәлкім, 30 жылдан кейін Қазақстанды қуып жетуіміз мүмкін. Қазір Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ бізден 5-6 есе жоғары. Біз олардың деңгейіне жету үшін табысымыз алты есеге өсуі керек, яғни әрбір азаматтың табысы өсуі керек. Тіпті, егер біздің жан басына шаққандағы ЖІӨ жыл сайын 5 пайызға өсіп отырса да, Қазақстанды қуып жету іс жүзінде мүмкін емес. Тіпті Өзбекстан орта табысты елдер қатарына ене ала ма деген күмән бар. Себебі тұрақты түрде 5 пайыздық өсімді сақтаудың өзі өте күмәнді нәрсе, – дейді экономист centralmedia24.kz-ке берген сұхбатында.
КОНТЕКСТ
Салыстыру үшін басылым келесі деректерді келтіреді: 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі 288 миллиард доллар болды, бұл жан басына шаққанда 14 мың доллардан асады. Ел халқы – 20,2 миллион адам. Ал Өзбекстанның 2024 жылғы ЖІӨ-сі – 115 миллиард доллар. Бұл 37,2 миллион халқы бар елде жан басына шаққанда 3092 доллар.