Перизат Қайрат ісі бойынша сотта айыпталушымен бірге жұмыс істеген бухгалтер жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Алтын Мусина бұл іс бойынша екі эпизодта куәгер ретінде танылған. Сот процесі кезінде ол Перизат Қайратқа Rebel Flowers гүл сату бизнесінде есеп жүргізуге үнемі көмектесіп отырғанын айтты. Сонымен қатар “Асар-Уме” қорымен жасалған келісімшарт бойынша да есеп бергенін жеткізді. Мусинаның айтуынша, ол ресми тіркелмей жұмыс істеген және ай сайын 300–350 мың теңге жалақы алып отырған. Перизатпен қашықтан байланыс жасаған, себебі өзі Ақтөбеде тұрады. Куәгер Перизатпен бірге жұмыс істегенде есептерде күмәнді сәйкессіздіктер болғанын мәлімдеді.
– Перизат жеке кәсіпкерлігі арқылы маған жартыжылдық есептерді жасау жөнінде жүгінді. Сол кезде оларда гүл сату фирмасы болған. Бухгалтерлік есепті мен жүргіздім. Қор бойынша ол ара-тұра есеп беру үшін хабарласатын. Бірақ жүйелі бухгалтерлік есеп жүргізілген жоқ. Перизат тарапынан бір реттік өтініштер болды. (...) Мен растайтын құжаттарды сұрадым, ол маған WhatsApp пен электронды пошта арқылы фотоларын жіберіп отырды. Онда Палестина елшілігіне ақша аударылғанын растайтын не бір сертификат, сондай-ақ банктен халықаралық аударым жасауға арналған өтініш болды, – деді Мусина.
Оның сөзінше, алғашқы аударым бірнеше мың доллар болса, кейінгісі шамамен 100 мың доллар көлемінде болған. Құжаттың өзі өзгертілген сияқты болып көрінген және қателері болған. Бұдан бөлек, куәгер SWIFT арқылы аударым жасалғанын растайтын құжат алмағанын айтты.