×
525.87
614.37
6.72
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
525.87
614.37
6.72

Ақкенттегі өрт кезінде 16 адамды құтқарған жігіт тағы бір адамды аман алып қалған

Бүгін, 08:31
Ақкенттегі өрт кезінде 16 адамды құтқарған жігіт тағы бір адамды аман алып қалған
Ulysmedia.kz коллажы

Алматылық тұрғын Әсем Серікова әлеуметтік желіде жол апатына қалай түскенін және күтпеген жерден көмектескен ер азамат туралы айтты. Оның айтуынша, көлікте кішкентай қызымен бірге отырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оқиға қаладағы орталық көшелердің бірінде болған. 

– Қызыммен көлікпен келе жатып, Розыбакиев көшесінен Әл-Фараби даңғылына түсер тұста рөлге ие бола алмай, темір қоршауға соғылдым. Құдайға шүкір, қызым дін аман, бірақ өзім күннен қорғайтын қалқанға басымды ұрып алдым. Қатты шошығанымнан қолдарым дірілдеп, есімнен танып қала жаздадым, – деп жазды ол.

Оның айтуынша, апат болған жерде бірнеше көлік тоқтап, жүргізушілер су әкеліп көмектескен.

– Бір жігіт жедел жәрдем шақырып, күйеуіме телефон соқты. Қызымды жұбатып, менің де өз-өзіме келуім үшін қолыма, мойныма, бетіме су септі. Қолым еріксіз бүрісіп қалған соң, уқалап, тыныштандырды. "Бәрі жақсы болады, бұл жол апаты кезінде болатын шок" деп сабырға шақырды. Менің құса бастағанымды көріп, бетімді жуды, – деді Әсем.

Кейін ер адам оқиға орнында күйеуі мен дәрігерлер келгенше күткен. Жолдасы ол азаматтың байланыс нөмірін алып қалған. 

– Дәрігерлер миым шайқалғанын айтты. Ең бастысы, ауыр жарақат болмады. Отбасымызбен әлгі азаматқа алғыс білдіргіміз келді. Күйеуім онымен байланысқа шықты, – дейді ол.

Кейін олар өздеріне көмектескен адамның кім екенін білгенде қатты таң қалған.

– Бізге көмектескен азаматтың 31 жастағы Тлеужан Ахметхан екенін білдік. 2023 жылы «Ақкент» ықшам ауданындағы өрт кезінде ол өрт сөндірушілер келмей тұрып, 16 адамды құтқарып қалған екен. Сол ерлігі үшін мемлекет басшысының қолынан «Ерлігі үшін» медалін алған. Тлеужанның мұндай сәттерде қасынан табылуы – нағыз азаматтық, – деді Әсем Серікова.

АҚКЕНТТЕГІ ӨРТ

Еске сала кетейік, 2024 жылы 1 тамыз күні Алматыда 16 қабатты үй өртенді. Тұрғындар өмірлерін арашалау үшін терезеден секіруге мәжбүр болды.

Оқиға салдарынан 1 адам мерт болып, 43-і зардап шекті. Оның ішінде 4 бала жансақтау бөлімінде жатты.

Серіктес жаңалықтары