Қазақстанда спирттік ішімдік сатылмайтын ауылдар бар. Оның себебі барлық ішімдік сатылып кеткенінен емес. Себебі ауыл тұрғындарының өз еркімен ішімдіктен бас тартуынан. Олар "жетер енді" деп шешім қабылдаған. Ресми статистикаға қарағанда, елде алкоголь өнімдерінің сатылымы төмендеп келеді. Алайда соған қарамастан, қалаларда алкомаркеттер саны артып жатыр. Ал жан басына шаққандағы алкоголь тұтыну бойынша халықаралық рейтингтерде Қазақстан әлі де салыстырмалы түрде жоғары орында. Ulysmedia.kz осы жағдайдың мән-жайын анықтауға тырысты.
ІШІМДІККЕ ҚАРСЫ АУЫЛДАР
Өткен жылдың күзінде ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстанда 97 ауылдың өз еркімен «ішімдіктен бас тартқаны» туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Мониторинг нәтижесінде бұл ауылдарда қылмыс деңгейінің күрт төмендегені анықталған. Ал биыл бас прокурор Берік Асылов ішімдіксіз өмір салтын ұстанатын ауылдардың саны жүзден асып кеткенін хабарлады.
Екі жоғары лауазымды шенеунік те бұл «тәртіп, денсаулық және болашақ ұрпақ үшін қарапайым адамдардың саналы таңдауы» екенін ерекше атап өтті. Бас прокурор Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды:
- Адамдар сенім, тұрақтылық пен тыныштықты жоғары бағалайды және бір-біріне үлгі болып, шабыт сыйлайды, – деді ол.
Берік Асыловтың айтуынша, кейбір ауылдарда қылмыс мүлдем жойылып, тұрмыстық жанжалдар тоқтаған. Жастар спорт пен салауатты өмір салтын жиі таңдай бастаған. Кәсіпкерлер де шығынға батпаған, ауыл тұрғындары арақтың орнына балаларға арналған пайдалы өнімдерді көбірек сатып алатын болған. Ол сөзін былай жалғастырды:
- Иә, елдегі ауыл санына шаққанда бұл теңізге тамған тамшыдай көрінуі мүмкін. Бірақ маңыздысы – оң динамика бар. Мұндай елді мекендердің қатары артып келеді, – деп жазды ,ас прокурор.
Жоғары лауазымды тұлғалардың бұл жағдайға оң көзқараспен қарауын түсінуге болады. Себебі ел ішінде пайдалы бастама алғаш рет төменнен көтеріліп, биліктің ерекше араласуын қажет етпей отыр. Дегенмен, нақты қай ауылдардың ішімдіктен бас тартып жатқаны және бұл оң өзгерістің тоқтап қалу ықтималдығы жоғары жақта егжей-тегжейлі талданды деу қиын.
НЕГЕ АУЫЛ ІШІМДІККЕ ҚАРСЫ?
Егер ішімдіктен толық бас тартқан ауылдардың тізіміне назар аударар болсақ, оларды екі негізгі санатқа бөлуге болады.
Біріншіден, тұрғындары аз, орта жасы 40-тан асқан елді мекендер. Яғни мұндай ауылдарда негізінен зейнет жасындағы адамдар тұрады, ал жасөспірімдер мен жастар ер жеткен соң қалаға көшіп кетеді. Ал қалаларда ішімдіктен бас тарту қалыпты жағдай емес екені белгілі. Екінші санат — уақыты жоқ ауылдар. Мысалы, Ұлытау облысындағы Ералиев ауылы. Мұнда 300-ге жетер-жетпес ғана үй бар және әр шаңырақ жылқы ұстап, қымыз өндірумен айналысады. Өнім алдын ала тапсырыс арқылы дайындалып, Қарағанды, Жезқазған мен Астанаға жіберіледі. Жалпы саны 2 мың тұрғынның арасында жұмыссыз адам жоқ, әркім өз ісімен айналысып отыр.
Сол облыстағы Сәкен Сейфуллин атындағы ауыл да осы қатарда. Мұнда 85-тен астам шаруа қожалығы жұмыс істейді, оның әрқайсында жергілікті тұрғындар, соның ішінде жастар да еңбек етеді. Отандық телеарналар көрсеткен ішімдіксіз ауылдар туралы сюжеттерде мұндай елді мекендерде мәдени және спорттық демалысқа арналған жағдайдың да бар екені байқалады. Тек ниет болса болғаны. Алайда мұндай ауылдар Қазақстанда саусақпен санарлық, сол себепті сарапшылар ауылдағы сау өмір үшін күреске мемлекет араласа ма деп қауіптенеді. Тіпті ол араласу әлдеқашан басталып кеткен де болуы мүмкін.
Ұлттық денсаулыққа қауіп төндіретін факторлардың алдын алуға бағытталған «Денсаулық» қауымдастығының президенті Бахыт Түменованың пікірінше, бұл бағытта асыра сілтеушілік болуы мүмкін.
- Кейде тұтас ауылдар ішімдіктен бас тартып жатыр деген ақпарат жиілеуде. Бірақ біз дәріханаларда спирттің сатылымы артқанын байқадық. Бұл мәселені терең зерттеу керек, әйтпесе бұл науқаншылдыққа айналып кетуі мүмкін. Жалпы тыйым салудың арты ешқашан жақсы болмаған. 1990-жылдары Қазақстанда ‘құрғақ заң’ енгізілген кезде, адамдар Қытайдан әкелінген техникалық спиртпен уланып қалды. Мұндай теріс тәжірибе АҚШ-та да болған. Алкогольмен, темекімен, есірткімен күресте басқа тәсілдер қажет, – дейді сарапшы.
Сарапшы ішімдіктен бас тартуды өмір салты ретінде толық қолдайды, бірақ жекелеген ауылдардағы “құрғақ заң” жалпы жағдайды өзгертпейді. Ресми деректерге сәйкес, жыл басында қазақстандықтардың 63%-дан астамы қалаларда тұрған. Қазірге дейін бірде-бір қала, тіпті аудан не тұрғын үй кешені ішімдіктен ерікті түрде бас тартқан аймақ деп жарияланбаған.
– Ауылдарда ақсақалдар кеңесі бар және үлкендерге құрмет дәстүрі мықты сақталған. Яғни, егер кеңес ішімдік сатылмасын деп шешсе, оған ешкім қарсы шықпайды. Ауылда жұрт бірін-бірі таниды, ақпарат тез тарайды, туыстық-рулық қатынастарды да ескеру керек, бір ауылда көп туыс тұрады. Сондықтан мұндай шешім қабылдау оңайырақ. Қалаларда ондай жағдай жоқ, – дейді сарапшы.
СТАТИСТИКА ПАРАДОКСТАРЫ
Қазақстан қалаларында, әсіресе ірі мегаполистерде, ішімдік ішу белгілі бір мәдениетке айналған. Адамдар міндетті түрде масаю үшін емес, бірақ үнемі ішеді. Жұма күнгі «отырыстар», «тәбет ашу үшін бір стақан», «жұмыстан кейін сыра» – мұның бәрі қалалық мәдениеттің бір бөлігіне айналған. Жұманы айтпағанда, тіпті жұмыс күндері кешке танымал қалалық кафелерде бос орын болмайды, ал үстелде ішімдік болмауы сирек жағдай. Әділдік үшін айтсақ, мемлекет маскүнемдік мәдениетіне қарсы күресіп жатыр, бірақ бұл негізінен тыйым салу арқылы жүзеге асырылуда: жарнамаға тыйым салу, спирттік ішімдіктерді белгілі уақыттан тыс сатуға шектеу және т.б. Арнайы мемлекеттік және қоғамдық комиссиялар құрылып, рейдтер жүргізіледі, ережені бұзғандар кейде лицензиясынан айырылады. Бірақ бұл шаралар аса нәтиже беріп жатқан жоқ.
Ресми статистика бұған сай емес. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, 2023 жылмен салыстырғанда алкоголь сату көлемі азайған. Арақ 10%-ға, шарап 13,4%-ға, коньяк екі есеге жуық аз сатылған. Сыра сату шамамен 5%-ға қысқарған. БАҚ-та бұл көрсеткіштер тыйымдар мен ішімдіктен бас тартқан ауылдардың жетістігі ретінде көрсетілді. Алайда басқа деректер де бар.
Елде жыл сайын алкомаркеттер саны тұрақты түрде өсіп келеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, Қазақстанда жыл сайын алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сатуға шамамен 6,5 мың, ал көтерме саудаға шамамен 230 лицензия беріледі. Бұл қоғамдық тамақтану орындарына берілетін лицензияларды есепке алмағандағы статистика.
2023 жылы Қазақстан жан басына шаққандағы алкоголь тұтыну бойынша әлемде 100-орында болған, орта есеппен жылына бір адамға 5 литрден келген. 2024 жылдың мамырындағы мәлімет бойынша, ел 68-орынға көтеріліп, тұтыну деңгейі 6,38 литрге жеткен. Яғни, бір жағынан сату азайғанмен, тұтыну артқан. Мұны тек бір жолмен түсіндіруге болады: тұтынылатын алкогольдің бәрі ресми статистикаға енбей отыр.
БӘРІ ТӘРБИЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ
Билік өкілдері ішімдіктен бас тартқан ауылдар туралы айтқанда, ең үлкен артықшылық ретінде қылмыс санының, әсіресе ауыр және тұрмыстық қылмыстардың азаюын алға тартады. Бұл шындық, бірақ тек ауылдарда. Жалпы ел бойынша алкогольдік мас күйінде жасалатын қылмыстар саны шамамен бір деңгейде қалып отыр.
2024 жылдың маусымындағы деректерге сәйкес, Қазақстанда мас жағдайда жасалған 4 113 іс тіркелген. Оның ішінде 149 кісі өлтіру және түрлі ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтірудің (соның ішінде ұрып-соғу) шамамен 1 000 фактісі болған. 2025 жылдың маусымында 4 295 қылмыстық құқықбұзушылық, 137 кісі өлтіру және 1 500-ден астам денсаулыққа зиян келтіру дерегі тіркелген. Яғни егер белгілі бір жетістіктер бар десек, олар тек жергілікті деңгейде ғана көрініс табады.
– Бәрі отбасынан басталады, бәрі тәрбиеге байланысты. Егер қарасақ, алкоголь, есірткі, темекі тұтыну бәрі жай ғана байқап көруден басталады. Біз тіпті әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар туралы айтып отырған жоқпыз. Ата-аналар ішімдікпен өткізілетін іс-шаралар ұйымдастырады, үлкен балалар, көшедегі достар ынталандырады, «ішіп көрсейші, шеге алмасаң сенікі емес» дейтіндер бар, білесіз ғой... Заң бойынша балалардың денсаулығы мен амандығына ата-аналар жауапты. Сондықтан бізге алдын алу шаралары қажет, әрі ол тұрақты түрде жүргізілуі керек, тіпті балабақша кезінен бастап балаларға алкогольдің, есірткінің, темекінің зияны туралы ақпарат беру қажет. Бұл жұмысты үздіксіз жүргізу керек. Мен ішімдікке мүлдем қарсымын деп айтпаймын, бірақ бұл тамақтану сияқты, ішудің де мөлшерін білу керек. Бұған тыйым емес, үздіксіз алдын алу шаралары арқылы қол жеткіземіз. Сонда ғана халық арасында ішімдік ішу мәдениетін қалыптастыра аламыз, – деді Бақыт Түменова.
Қазақстанда алкогольден бас тарту ұлттық күні қазан айында 2007 жылдан бері атап өтіледі. Былтыр, он жыл бұрынғыдай, мектептерде сынып сағаттары өтті, ішімдіктің зияны туралы дәрістер оқылды, әлеуметтік роликтер көрсетілді. Биыл да дәл осындай шаралар жоспарланған. Өткізіледі де, келесі жылға дейін ұмытылады. Сондықтан ұлтты құтқару сол ұлттың өз қолында.