2025 жылғы 18 шілдеде Еуропалық Одақ Ресей Федерациясына қарсы 18-экономикалық санкциялар пакетін жариялады. Экономист әрі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанның айтуына қарағанда, бұл санкциялар Ресей экономикасына айтарлықтай кесірін тигізіп, оның салдары тікелей Қазақстанға да ықпал етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АНТИРЕСЕЙЛІК САНКЦИЯЛАР ҚЫТАЙҒА ДА ЖЕТПЕК
– Ресейдегі экономикалық жағдай – рубльдің әлсіреуі, жалпы экономиканың күйі – бұл барлығы Қазақстанға тікелей әсер етеді, өйткені біз Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесіміз, – деді саясаткер.
Санкциялар аясында:
МҰНАЙ АРЗАНДАЙДЫ
Санкциялар Ресейдің мұнайды сататын бағасына жоғарғы шек қояды – әлемдік нарықтағы бағадан 15% төмен. Қазіргі есеп бойынша, бұл бір баррель үшін – 47 доллар. Ресей бұдан қымбатқа мұнай сата алмайды. Бұл шектеу ел бюджетінің табыс бөліміне ауыр соққы болады.
Сонымен қатар:
– Бүгінде Еуропа 1922 жылмен салыстырғанда Ресей газын 80% аз сатып алып отыр. Қазір тек Словакия мен Венгрия ғана сатып алып жатыр. 1927 жылдан бері алғаш рет Ресей энергетикалық ресурстарынан Еуропа нарығынан мүлде айырылғалы отыр, – деді Тайжан.
Бұл санкциялар 2025 жылғы 21 шілдеде күшіне енеді.
– Бұған дейін енгізілген 17 санкциялық пакет те Ресей экономикасына әсер етті. Бұл тікелей біздің теңгеге, біздің экономикаға әсер етеді. Ресей – жылына 25 миллиард доллардан асатын тауар айналымымен Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі, – деді Тайжан.
“ИДЕАЛ ДАУЫЛ” БАСТАЛДЫ
Саясаткер Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында Ресейдің экономикалық элитасының айтқандарына назар аудартты.
“Сбербанк” басшысы Герман Грефтің айтуынша, Ресей қазір экономикалық тұрғыдан аса күрделі, тығырыққа тірелген кезеңді бастан кешіп жатыр — нағыз “идеалды дауыл”.
ВТБ банк басшысы Костин де мұны қуаттап, Ресейдің ең үлкен проблемасы – әскери шығындар екенін айтқан:
– Снарядтар мен танкілер шығарылады, бірақ ол экономикаға қайтып келмейді. Ақша кетеді, бірақ экономикалық өнім жоқ, – деді ол.
Тайжанның сөзінше, Ресей Орталық банкіне қысым күшейіп, Эльвира Набиуллинадан пайыздық мөлшерлемені төмендетуді талап етіп жатыр. Қазір бұл көрсеткіш – 20-21%.
– Алайда Набиуллина бұл көп нәрсені өзгертпейтінін айтқан. Бұрын пайыз аз болған кездің өзінде экспорт болмаған, – дейді саясаткер.
Экономика министрі Решетниковтың айтуынша, Ресей рецессияның шегінде тұр, экономикада өсім төмендеген.
РЕСЕЙ БЮДЖЕТІНДЕГІ ДАҒДАРЫС
Ресейдің макроэкономикалық сараптама орталығы есептегендей, 2025 жылдың жарты жылында бюджет тапшылығы 3,9 трлн рубльге жеткен. Ал ресейлік экономист Олег Вьюгин бұл көрсеткіш 8 трлн рубльге дейін жетеді дейді.
Ұлттық әл-ауқат қорының өтімді бөлігі – 3,7 трлн рубль ғана. Бұл тапшылықты жабуға жетпейді.
“БАСПА СТАНОГЫ” ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Олег Вьюгиннің пікірінше, Ресейдің жалғыз амалы – ақша басып шығару. Оның айтуынша, билік 5 трлн рубль көлемінде қаржы басып шығаруды бастаған.
– Бұл нені білдіреді? Жыл соңына қарай, күзде немесе қысқа таман инфляция шарықтайды. Қазірдің өзінде жылдық инфляция 10%-дан асып тұр. Өткен аптада ТКШ тарифтері күрт көтерілді, бір апталық инфляция 0,79%-ға жетті – бұл биылғы ең жоғарғы көрсеткіш. Ақша басыла берсе, инфляция одан сайын күшейеді, – дейді қоғам қайраткері.
ҚАЗАҚСТАН ДЕВАЛЬВАЦИЯҒА ДАЙЫН БОЛУЫ КЕРЕК ПЕ?
– Қазір рубль шынайы бағасынан асып кеткен. Егер девальвация болса, долларға шаққанда 100–120 рубль болуы мүмкін. Бұл жағдайға біз дайын болуымыз керек, – дейді Тайжан.
Саясаткердің сөзінше, теңге рубльге қатты тәуелді. Ресейде инфляция мен девальвация болса, ол бізге де жетеді, өйткені экономикалық, сауда және қаржы байланыстары тығыз.
– Бұл көрініс көңілге қорқыныш ұялатады, – деп қорытындылады саясаткер.