Қостанайда хирургті соққыға жыққан ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қостанайлық хирург Антон Кистановқа ауыр дене жарақатын салған күдікті қамауға алынып, тергеу изоляторына жабылды.
Оның әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша (Қасақана ауыр зиян келтіру) сараланған.
СОТ ШЕШІМІ
Аталған шешімді тергеу сотының судьясы Батырбек Құдабаев қабылдады. Ол тергеушінің, прокурордың, күдікті Абылайхан Сәренжіповтың және оның қорғаушысының сөздерін тыңдағаннан кейін ұйғарым шығарды.
– Күдіктінің бұған дейін сотталған, бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот оның жасырынып қалуы мүмкін деп есептейді. Сол себепті оған 17 қыркүйекке дейін қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды, – деді судья.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облыстық ауруханасының хирургі Антон Кистанов пациенттің шабуылынан зардап шегіп, санитарлық авиация бортымен шұғыл түрде Астанаға жеткізілді.
Ол енді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында республикалық жетекші мамандардың көмегін алады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мамандардың консилиумы нәтижесінде науқасты осы орталыққа жеткізу және онда әрі қарай интенсивті емдеу мен бақылауға алу туралы шешім қабылданған.