АЭС қызметкерлері алғаш рет Өскеменде даярланады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Атом электр станцияларын (АЭС) күтіп-ұстауға қажетті мамандарды даярлау ісі елімізде алғаш рет Өскемен техникалық университетінде қолға алынды. 24.kz мәліметінше, оқу бағдарламалары Халықаралық атом энергетикасы агенттігінің (МАГАТЭ) жетекші сарапшыларымен келісілген.
Болашақ мамандардың тәжірибеден өтуі үшін ұлттық ядролық орталық пен Өскемендегі Ульба металлургия зауытымен келісім жасалған. Бұл кәсіпорындарда атом реакторларына қажетті негізгі құрамдас бөлшектер шығарылады. Биыл бұл мамандыққа 50 студент қабылданбақ.
– Қазір энергияның, әсіресе атом энергетикасының болашағы зор. Бұл туралы жаңалықтардан жиі оқимын. Көптеген жаңа технология осы салада дамып жатыр. Сондықтан бұл бағытта оқуға ниеттімін, – дейді талапкер Нұртас Амангелді.
КОНТЕКСТ
Атом энергетикасы агенттігінің мәліметінше, Қазақстандағы алғашқы АЭС 2035–2036 жылдары іске қосылады деп жоспарланған. Оны толыққанды қызметпен қамтамасыз ету үшін кемінде 1500 маман қажет, бұл МАГАТЭ қойған талап. Қазір кадрлық резерв елдегі 6 жоғары оқу орнында дайындалып жатыр.
Ал алғашқы атом электр станциясын Ресейдің «Росатом» компаниясы жетекшілік ететін консорциум салады. Жобаның алдын ала құны – 14 млрд доллар.