Каспийдегі антирекорд тіркелді, теңіз деңгейі бақылау тарихындағы ең төмен көрсеткішке түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Теңіз деңгейінің айтарлықтай төмендеуі әсіресе Қазақстан мен Ресей жағалауын шайып жатқан Каспийдің таяз солтүстік бөлігінде қатты байқалады.
Каспий ғылыми-зерттеу балық шаруашылығы институтының мамандарының мәліметінше, теңіз деңгейінің төмендеуі 1990 жылдардың ортасынан бері жалғасып келеді. 2020 жылдан бері бұл көрсеткіш тағы 0,8 метрге төмендеген. Бұл үрдіс, ең алдымен, теңізді сумен қамтамасыз ететін негізгі өзен Еділдің (Волга) жылдық ағынының азаюымен байланысты.
– Қазір Каспий теңізінің деңгейі бақылау тарихындағы ең төмен межеден түсіп кетті: Балтық биіктік жүйесі бойынша минус 29 метрден төмен. Бұл әсіресе таяз солтүстік бөлігінде айқын байқалады. Сол аумақта Каспийдің шегінуі теңіз түбінің кең бөлігін ашып жатыр. Бұл – тіршілік иелері көп шоғырланған аймақ, ал су көлемінің азаюы олардың өмір сүру ортасына тікелей кері әсер етеді, – деп мәлімдеді ғалымдар ТАСС агенттігіне.
СЕБЕБІ
Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі, ең алдымен, өзен суларының, әсіресе Еділдің теңізге құйылу көлемінің азаюымен байланысты. Соңғы 4 жылда Еділдің жылдық ағыны орташа деңгейден төмен – 210-232 текше шақырым аралығында болған.
Сонымен қатар, атмосферадағы парниктік газдардың артуы салдарынан ауа температурасы өсіп, теңіз және өзендер бетінің булануы күшейген. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп, коммуналдық сала Каспийге құятын өзендердің суын көптеп тұтынуда, бұл да теңіз деңгейіне кері әсерін тигізіп отыр.