Миллиардтаға теңгенің контарбандасын тасыған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаеваның қатысы бар компанияға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қаржы мониторинг агенттігі таратқан ақпаратқа қарағанда, тергеу барысында уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие «Group of the Companies TDA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қытайдан Қазақстанға тұтыну тауарлары тиелген 100-ден астам контейнерді контрабандалық жолмен заңсыз әкелгені анықталған.
Бұдан бөлек, компания қарамағындағы 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік арқылы жалған шот-фактуралар жасаған. Осылайша мемлекетке 10 миллиард теңге залал келтірген.
Тәркіленген мүлік пен қайтарылған қаржы
Тергеп-тексеру кезінде мемлекет бюджетіне 643 миллион теңге қайтарылған. Сот шешімімен 1,3 миллиард теңге болатын тауар, күдіктілерге тиесілі 300 миллион теңге сомасындағы мүлікке шектеу қойылған.
Бұған қоса, аталған компаниямен байланыста болған 47 серіктес кәсіпорын өз еркімен өзара есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке 240 млн теңге салық төлеген.
Сот үкімі
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлғалар мүлкін тәркілей отырып, 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар, іске қатысы бар бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.
Компания
2022 жылы маусымда Қазақстанның бас прокуратурасы «Group of the Companies TDA» компаниясының тауарларды рәсімдеу кезінде заңбқзушылықтар жасағаны анықталғанын хабарлаған. Ашық дереккөздерде бұл компанияның құрылтайшыларының бірі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева екені айтылған. Электронды үкімет базасындағы құжатта Group Of The Companies Tda серіктестігінің тағы бір құрылтайшысы Әли Жанболатұлы Қылышпаев әрі осы компанияның директоры деп жазылған-ды.