«Мұнай» авторлық бағдарламасының жүргізушісі, сарапшы Олжас Байділдиновтың айтуынша, жылына шамамен 500-700 мың тоннаға дейінгі дизельдік отын шет елдерге жасырын түрде өтіп кетеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Биыл күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығын өндірушілерге 440 мың тонна дизельдік отын бөлінген. Таратушы компаниялар оның литрін кей жерде 159 теңгеден сатып жатыр. (АЗС-та 188 теңге). Орталық коммуникациялар алаңында осы сандарды айта келе мұнай саласының сарапшысы Олжас Байділдинов жалпы нарыққа қатысты пікірін ортаға салды.
«Осы жылдың наурызында Қазақстанда баға жағынан теңгерімсіздік (дисбаланс) туындағанын айтқанбыз. 2020 жылдың наурызында Қазақстан ең арзан бензин сататын елдердің ішінде жетінші орында тұрғанын мәлім еткенбіз. Яғни бензин шығынға сатылып жатыр. Осыдан кейін де «Казнефть» хештегімен бірнеше мақала жарияладық. Сол кезден бері қазір бензин бағасы ақылға қонымсыз екені айтылған. Сол мақалалардың бәрін оқысаңыздар, мұнай нарығындағы көптеген сұраққа жауап алуға болады», - деді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстанда дизель отынының бағасы басқа елдермен салыстырғанда арзан. Қазақстаннан арзан дизельдік отынды Түрікменстанда бар.
«Бірақ ол айтарлықтай нарықтық баға емес. Ол жерде нарықтық жүйеден бұрын талон жүйесі жолға қойылған. Оларда баға литрі – 164 теңге. Әйтсе де оның нарықтық баға емес екенін тағы да атап өтейін. Ол бағаны мемлекет ұстап отыр. Әзербайжанда дизельдік отынның бағасы 201 теңгеден сатылады. Ол жақта әйтсе де жанар-жағармай бағасы өсіп барады. Ауғанстанда 259 теңгеден сатылады. Ауғанстан саяси немесе экономикалық жағынан да қазір басқа нарықтарды қызықтыруда. Себебі жанар-жағармайдың бір бөлігі қазір сол елге жіберілуде. Қырғызстанда баға 261 теңге. Қырғызстанда бүгін ғана бензин бағасы Ресейдегі бағадан артып кеткені туралы ақпарат тарады. Қазір ол жерде бензиннің бағасы шамамен 300 теңгеден сатылуда. Біріккен Араб Әмірліктерінде дизель отынының бір литрі 276 теңге. Ресейде литрі 287 теңге. Алайда Ресейдің жекелеген өңірлерінде баға 300 теңгеден асып кеткен», - дейді ол.
Сарапшы атап өткендей Қазақстанның өз ішінде дизельдік отынға деген сұраныс артып келеді. Мәселен, 2017 жылы елде 4,9 млн тонна дизельдік отын өндірілсе, 2021 жылы 4,9 млн тонна өндірілген. Оған қоса ішкі нарықтың қажеттілігі пандемияға қарамастан өсіп барады.
«Бағаның арзандығы – жанар-жағармайдың көршілес елдерге көлеңкелі схемамен сатылуына сеп болады. Әртүрлі көрсеткіштер бар. Біздің білуімізге 500-700 мың тоннаға жуық жанар-жағармай шет елдерге көлеңкелі жолмен сатылып кетіп жатыр. Бензин бойынша да көрсеткіш осыған таяу. Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жұмыс ел ішінде дефицит туындатуы мүмкін. Себебі жоспарлы жұмысты бірнеше рет кейінге қалдырған еді. Ішкі нарықтағы дефицит менің ойымша, қазан айында 3-5 пайыз деңгейінде болады», - деді ол.