Әзербайжан AZAL ұшағына шабуыл жасауға бұйрық берген Ресейдің лауазымды әскери қызметкері кім екенін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Minval Politika мәліметінше, «AZAL Embraer 190» азаматтық ұшағына атқылау туралы шешімді Ресей әуе күштерінің 4-ші гвардиялық армиясының 51-ші әуе қорғанысы дивизиясының командирі және Оңтүстік әскери округтің Әуе қорғанысы генерал-майор Александр Толопило қабылдаған. Бұл туралы алдын-ала ішкі тергеу барысында әуе қорғанысының 51-ші дивизиясы басқару пунктінің жедел кезекшісі, подполковник Николай Орлянский мәлімдеген. Ол Толопилоның бұйрығын қабылдаған және белгісіз әуе нысанасына оқ ату операциясын басқарған. Белгісіз нысан кейіннен AZAL азаматтық ұшағы болып шыққан.
ТЕРГЕУ
Толопило барлық жауапкершілікті Ресейдің бірыңғай әуе қозғалысын реттеу жүйесі ұйымының Ростов орталығының қызметкерлеріне ысырған. Бұдан бөлек, «Панцирь-С» зымыран кешенінің №274 ұрыс машинасынан атылған зымырандар ұшаққа тимей, өздігінен жойылды деп жалған куәлік берген. Бірақ бұл деректер 505 әскери тергеу бөлімінің ішкі тексерісі кезінде жоққа шығарылған.
ӘЗЕРБАЙЖАН ТАЛАБЫ
Әзербайжан Ресейден ұшақ апатына кінәсін мойындауды талап етеді. Елдің Бас прокуратурасы Баку апатқа қатысты барлық деректерге ие екенін айтқан. Бұған қоса, Ресей тарапы тергеуге қатысты деректерді беруден бас тартып келе жатқанын мәлімдеген. Апаттан кейін Ресей президенті Владимир Путиннің Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтен кешірім сұрағаны айтылған. Ұшақ апатынан кейін Баку мен Мәскеу қарым-қатынасы ушыққан.
ҰШАҚ АПАТЫ
2024 жылы 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшыраған. Кейіннен ұшақ зымыран шабуылынан кейін басқаруын жоғалтып, апатқа ұшырағаны туралы айтылған. Ресей болған оқиғаға байланысты тергеу тобы құрылғанын хабарлаған. Бірақ тергеу нәтижелері туралы деректер жарияланған жоқ. Апатқа ұшыраған Әзербайжан ұшағының бортында 62 жолаушы болған. Олардың тек 29-ы ғана аман қалған.