Ыстамбұлда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің үшінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КЕЗДЕСУ ҚҰРАМЫ МЕН ҰЙЫМДАСТЫРУ
Ыстамбұлдағы келіссөзге Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан төрағалық етті.
Ресей делегациясы құрамында Президент көмекшісі Владимир Мединский мен сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин болды. Украина тарапынан Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров пен Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сергей Кислица қатысты.
НӘТИЖЕ БОЛМАҒАНЫМЕН БАЙЛАНЫС БАР
Мединскийдің айтуынша, Ресей мен Украина меморандумдары бойынша ұстанымдар «бір-бірінен әлі де алшақ», дегенмен тараптар делегациялар және жұмыс топтары деңгейінде байланысты жалғастыруға келіскен.
КЕЛІССӨЗ НӘТИЖЕСІ
Ыстамбұлдағы келіссөздердің басты нәтижесі — жаңа алмасу туралы келісім болды. Бұл жолы тек әскери емес, азаматтық тұлғаларды да (әр тараптан кемінде 1,2 мың адам) қайтару көзделіп отыр. Ресей тарапы үш жылдан астам уақыт тұтқында болған, оның ішінде ауыр жараланғандар мен жастарды қайтаруға келісім берді.
Сонымен қатар, саяси, гуманитарлық және әскери бағыттар бойынша онлайн форматта жұмыс істейтін үш топ құру ұсынылды. Украина тарапы екі ел басшыларының кездесуін тамыз айының соңына дейін өткізу қажеттігін атап өтті. Алайда Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский мұндай кездесу жақын арада болмайтынын айтты. Оның айтуынша, мұндай деңгейдегі келіссөзде келісімді талқылау емес, нақты келісімді бекіту керек.
РЕСЕЙДІҢ ҰСТАНЫМЫ
Мединский Ресей мен Украина арасындағы меморандумдар бойынша ұстанымдар әлі де бір-бірінен алшақ екенін мәлімдеді. Ол ел басшыларының кездесуі алдында реттеу туралы келісімді жан-жақты талқылау қажет екенін атап өтті. Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің кездесуі мұқият дайындалуы тиіс, деді ол.
КОНТЕКСТ
Келіссөздердің алғашқы кезеңі 16 мамырда Ыстамбұлдағы Долмабахче сарайында өтті. 2 маусымда өткен екінші кезеңде тараптар ауыр жараланған әскери тұтқындар мен 25 жасқа дейінгі сарбаздарды алмастыруға, сондай-ақ соғыс кезінде қаза тапқан 6 мың әскери қызметшінің мүрдесін өзара қайтаруға келіскен болатын.