Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі Ұлыбританиямен төртінші буындағы көпмақсатты Eurofighter Typhoon жойғыш ұшақтарын сатып алу туралы келісім жасалғанын хабарлады. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Анкара мен Лондон арасындағы келіссөздердің нәтижесінде жасалған бұл келісім екі ел арасындағы әскери әріптестіктің тереңдей түскенін көрсетеді. Түркияның қорғаныс министрлігі Eurofighter ұшағын "әлемдегі ең тиімді әскери платформалардың бірі" деп атап, ол қазіргі таңда НАТО-ның бірқатар елдерінде қолданыста екенін жеткізді.
АҚШ-ТЫҢ ОРНЫНА
Анкара бұл келісімге АҚШ-тан күткен F-16 жойғыштарын жеткізу кешіге бастаған кезде барды. АҚШ бекіткен жоспарға сәйкес Түркия бұл ұшақтарды алуы тиіс болатын. Алайда Конгрестегі бюрократиялық және саяси кедергілер бұл процесті тежеді, бұл өз кезегінде Түркияны алаңдатпай қоймады.
Осы жағдайдан кейін Анкара әуе күштерін жаңарту үшін басқа серіктестерді іздей бастады және оларды Еуропадан тапты. Eurofighter ұшағы Германия, Ұлыбритания, Италия және Испания сынды елдермен жасалған халықаралық консорциум арқылы өндіріледі және осы елдердің қарулы күштерінде кеңінен қолданылады.
– Жаһандық қауіпсіздік үнемі өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде Түркия қарулы күштерін күшейту үшін нақты қадамдар жасап жатыр. Eurofighter заманауи соғыс талаптарына жауап беретін сенімді әрі қуатты платформа, – делінген министрлік мәлімдемесінде.
КОНТЕКСТ
Eurofighter сатып алуы Түркия армиясының әскери әлеуетін арттырумен қатар, НАТО-ның еуропалық мүшелерімен әскери ынтымақтастықты тереңдете түспек. Бұл сонымен қатар, Анкараның қорғаныс серіктестерін әртараптандыруға дайын екенін білдіретін Вашингтонға бағытталған саяси белгі ретінде де қарастырылуы мүмкін.