Ресейдің Амур облысында Ан-24 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады, бортта 40-тан астам адам болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
"Ангара" әуе компаниясының ұшағы Благовещенск қаласынан Тындаға бағыт алған. Бортта 43 жолаушы, оның ішінде бес бала және алты экипаж мүшесі болған. Тында әуежайына қону кезінде ұшақ екінші айналымға кетіп, кейін онымен байланыс үзілген. Апат орнына барлау жүргізген мамандар тірі қалғандарды таппаған.
Қайғылы оқиға орнына Ресейдің ТЖМ-нен 50 маман мен 10 техника бірлігі жіберілді. Ведомство бұл аумақтың қол жетуі қиын екенін атап өтті.
СЕБЕБІ
РФ Тергеу комитетінің Шығыс көлік басқармасы Ан-24 ұшағының апатына қатысты екі негізгі нұсқаны қарастырып жатыр: техникалық ақау және экипаждың қателігі.
ТЕРГЕУ
Қайғылы оқиғаға байланысты үш және одан да көп адамның өліміне әкелген әуе көлігі қозғалысы және пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.