Шалғайдағы ауыл мектебінен үлкен аренаға шыққан жас спортшылар Қырғызстанда 2008–2010 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен халықаралық волейбол турнирінде ел намысын қорғап, мерейін үстем етті. Бұл жарысқа «Auyl sport - 2024» республикалық турнирінің жеңімпаздары – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылының қыздар командасы мен Алматы облысы Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылының ұлдар командасы қатысты.
Қарапайым жаттығу залынан басталған жол Қырғызстан төріндегі жеңіске ұласты. Бұл – Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асырып жатқан «AUYL SPORT» нәтижесі. Жоба ірі кәсіпкер, спорт жанашары Тимур Құлыбаевтың ауылдағы талантты жастарға жол ашу жөніндегі стратегиялық бастамасы. Оның бастамасымен «Halyk» қоры бұқаралық спортты қолдауға жүйелі түрде қаржы бөліп келеді.
Бұл тек спорт жеңісі емес, ауыл баласының жігері мен елге деген адал махаббатының айғағы. Осындай рухты жастарды қолдау – еліміздің болашағына салынған инвестиция.
Жарыс барысында үлкен тартысқа толы ойындар өтті. Ұлдар арасындағы финалда Үшқоңыр ауылының командасы Қырғызстанның Чу облысы, Мраморное ауылының ұжымын 2:0 есебімен ұтып, чемпион атанды.
Қыздар арасындағы додада Бескөл ауылынан барған волейболшы қыздар тамаша ойын көрсетіп, жүлделі үшінші орын иеленді.
Команда жаттықтырушысы Анастасия Эйникис сапар демеушісі болған Тимур Құлыбаевтың Halyk қорына алғысын айтты.
- Бұл жарысқа біз «Auyl sport» жобасында чемпион болған құраммен қатыстық. Halyk қорының қолдауы арқасында халықаралық деңгейдегі сайысқа алғаш рет қатысып, қола жүлдегер атандық. Қырғызстанда алғаш рет болып отырмыз. Қордың бұл жобасы болашақта да жалғасын тауып, жақсы нәтижелер әкелетініне сенеміз, - деді ол.
Ал жарысқа қатысқан спортшы Таисия Высоцкая халықаралық турнир үлкен тәжірибе болғанын жасырмады.
- Халықаралық турнирге бірінші рет қатысып тұрмын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қарсыластарымыз мықты болды, дегенмен біз жақсы ойнап нәтиже көрсеттік. Үшінші орын жеңіп алдық. Halyk қорына алғысымыз шексіз, осы сапардың арқасында шекара асып, ел намысын қорғадық, – дейді волейболшы.
Halyk қорының Атқарушы директоры, «Auyl sport» жобасының жетекшісі турнирдің маңыздылығын атап өтіп, балаларға қолдау көрсету басты басымдықтардың бірі екенін айтты.
- Қор балаларға әрдайым қолдау білдіруге ниетті. Әсіресе ауылда өскен талантты балалардың үлкен аренаға шығуына жағдай жасауға қашанда дайынбыз. Осындай жобалар арқылы олардың болашағына бағыт беріп, сенім сыйлай аламыз. Бұл қолдау бұдан әрі де жалғасады, - деді Ғалымбек Жақсылықұлы.
Айта кетейік, «AUYL SPORT» – Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры қолға алған маңызды әлеуметтік жоба. Бағдарлама 2024 жылдан бастап ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту, талантты балаларды қолдау және кәсіби спортқа бағыттауға жұмыс істейді. Бүгінде бұл бастама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 10 мыңнан астам бала түрлі спорт түрімен жүйелі түрде айналысып жүр.
AUYL SPORT бағдарламасының тиімділігін дәлелдейтін тағы бір айғақ – Сербияда өткен GYMNASIADE халықаралық сайысында 12 ауыл баласының 6 медаль жеңіп алуы. Енді сол тәжірибе Kazakhstan Open аясында жалғасып, ауыл спортшылары халықаралық аренаға сенімді қадам басып отыр.
Ал Halyk қайырымдылық қоры – еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілікті серік еткен ірі ұйым. Қор ауыл спортына ғана 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөліп қоймай, жалпы саны 120-дан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, 85 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсаған.