Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер ел ішінде және сыртында күшейген қысымнан кейін Палестинаны мойындау мәселесіне байланысты үкіметтің шұғыл отырысын өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Financial Times басылымының мәліметінше, бұл қадам Францияның Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындағанынан кейін жасалған. Осы шешімнен соң Біріккен Корольдіктің бірқатар депутаттары премьерден дәл сондай қадам күтетінін ашық білдірді. Әсіресе Лейбористік партия ішіндегі сын күшейіп отыр. Партия мүшелері Стармердің сайлауалды уәделерінің бірі Палестинаның мемлекеттігін мойындау әлі орындалмағанына наразы.
FT дереккөздеріне сүйенсек, лейбористік үкімет құрамындағы кейбір министрлердің де көңілі толмай отыр. Кир Стармер бұған дейін Газа секторындағы гуманитарлық жағдайды бірнеше рет айыптағанымен, Палестинаны ресми түрде мойындаудан бас тартып келген. Бұл шешім оның партиясы мен палестиналық халықтың құқығын қолдайтын белсенділер тарапынан сынға ұшырауда.
Ұлыбританияға халықаралық әріптестері де қысым көрсетіп жатыр. Мәселен, Франция президенті Эммануэль Макрон Лондонды Палестинаны мүмкіндігінше тез мойындауға шақырды.
25 шілдеде Кир Стармер X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде жарияланған видеоүндеуінде Ұлыбритания болашақта Палестинаны мойындауы мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда бұл тек Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеу аяқталып, тұрақты бітім орнағаннан кейін ғана жүзеге асады деді ол.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон өз елінің Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін ресми түрде мойындайтынын жариялаған болатын.