×
544.87
639.02
6.88
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
544.87
639.02
6.88

Жүйеге қарсы фермер: Алмасбек Садырбай не үшін қамауда отыр

Бүгін, 09:35
Жүйеге қарсы фермер: Алмасбек Садырбай не үшін қамауда отыр
Ulysmedia.kz коллажы

«Шаңырақ» бірлестігінің жетекшісі, фермерлердің мүддесін белсенді қорғаушы Алмасбек Садырбайға қазірдің өзінде 10 айға жуық уақыт бойы ұйымдасқан қылмыстық топ құру, алаяқтық және қаржыны заңсыз айналымға түсіру деген айыптар ілініп, тергеуде отыр. Оның ісін Алматы облысының ведомствоаралық тергеу-жедел тобы қарап жатыр.

ҰСТАЛУ ТАРИХЫ

Қоғамда дау болған, жүйеге қарсы шыққан әрі қарапайым малшылардың мүддесін қорғаушы ретінде танылған Алмасбек Садырбай 10 айдан бері тергеуде отыр. Оның ұсталғаны туралы ақпарат былтыр 6 қарашада белгілі болды, қаржы мониторингі агенттігінің ресми сайтында Алматы облысы бойынша департаменттің облыстық прокуратурамен бірлесіп, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Садырбайды әшкерелегені туралы мәлімет жарияланған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол бірнеше ауданда жалған ауыл шаруашылық кооперативтерін құрып, қой малының аналық басын қолдан ұрықтандыру мен жем-шөпке кеткен шығындарды өтеу үшін заңсыз түрде субсидия алуды мақсат еткен.

ТЕРГЕУ ҚҰПИЯ ЕМЕС

Содан бері Алмасбек Садырбайдың ісі жайлы ақпарат өте аз. Ulysmedia.kz бас прокуратураға жүгініп, істің қазіргі жай-күйін, күдіктінің нақты қайда екенін түсіндіруді сұрады.

Алматы облыстық прокуратурасынан қысқа ғана жауап келді. Бізге Садырбайдың ісін ведомствоаралық тергеу-жедел тобының жетекшісі – Алматы облыстық полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеу басқармасының бастығы Садық Р.Н. жүргізіп жатқанын хабарлады. Садырбайға ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр.

190-бап, 4-бөлім, 1 және 2-тармақтар

Алаяқтық – бөтен мүлікті немесе мүлікке құқықты алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иемдену. Егер қылмыс адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалса.

Жаза: 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айыру.

218-бап, 3-бөлім, 2 және 3-тармақтар

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату).

Жаза: 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу.

262-бап, 1 және 2-бөлімдер

Ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу.

Жаза: 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу.

– Қазіргі уақытта Садырбай А.Ж. Алматы облысы мен Жетісу облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің тергеу изоляторында қамауда отыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу материалдарының өзге мәліметтері жариялауға жатпайды, – деді облыс прокурорының орынбасары Азамат Күренкей.

ПАРТИЯ БОЛМАЙ МА

Субсидия ұрлады деген күдікке ілінген Алмасбек Садырбай осыған дейін бұл қаржылай көмектің бөліну жүйесін бірнеше рет ашық сынға алған болатын. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдаудың «сарымайы» ірі агрохолдингтерге бұйырады, ал жеке фермерлер назардан тыс қалып жатады. Бұдан бөлек, Садырбай фермерлердің мүддесін саяси деңгейде қорғау үшін шаруалар партиясын құруға және оны басқаруға ниетті екенін жасырмаған.

Сондай-ақ, Садырбай өзіне тағылған айыптарды мойындамайтыны және ұрлыққа қатысы жоғын айтқан болатын.

Серіктес жаңалықтары