Украина Әзербайжаннан газ сатып алуға байланысты келісімге келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Баку мен Мәскеу қарым-қатынасы ушыққан тұстағы келісім
Украинаның «Нафтогаз Украина» компаниясының басқарма төрағасы Сергей Корецскийдің сөзінше, Әзербайжаннан газ импорттау туралы алғашқы келісімге қол қойылған. Алғашқы газ тасымалы Трансбалкан дәлізі арқылы жүзеге асырылады.
– Украина алғаш рет Әзірбайжан газын Трансбалкан дәлізі арқылы импорттайды. SOCAR–SOCAR Energy Ukraine компаниялар тобымен газ сатып алу туралы алғашқы келісім жасалды. Газ тасымалы Болгария–Румыния–Украина бағыты бойынша жүзеге асырылады. Бұл ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа жол ашатын шағын, бірақ стратегиялық маңызды қадам. Сондай-ақ, жеткізілім көздерін әртараптандырудың және Украинаның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтудың тағы бір мысалы, – деп жазды Корецкий.
Украинаны қолдаған Әлиев
Украина мен Әзербайжанның газ келісімі Баку мен Мәскеу қарым-қатынасы ушыққан тұста жасалып отыр. Бұған дейін, 20 шілдеде Шуша қаласында өткен медиа форумда Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Украинаға Ресейдің украин жерін басып алуына «көнбеуге» кеңес берген.
Әзербайжан Украинаның территориялық тұтастығын ресми түрде қолдайды.
Шушадағы форум кезінде Әлиев сонымен бірге былтыр желтоқсанда AZAL әуе компаниясы ұшағы апатына байланысты халықаралық сотқа шағым түсіру үшін құжаттар әзірленіп жатқанын айтты. Әзербайжан билігінің пікірінше, ұшақ Грозныйға қонбақ болған кезде ресейлік әуе қорғаныс жүйесі оны украин дронына балап атқан. Ұшақ Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған.
Осы ұшақ апатынан кейін Әзербайжан мен Ресей қарым-қатынасы ушыққан.