Аты шулы қылмыс әлемінің серкесі «Жабайы Арманның» досы делінген Жанболат Серіков Әзербайжаннан Біріккен Араб Әмірліктеріне экстрадицияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Біріккен Араб Әмірліктері 1985 жылғы Қазақстан азаматы Жанболат Серіковке «адам ұрлау», «заңсыз бостандығын жектеу», «қасақана денсаулыққа зиян келтіру», «жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау» фактілері бойынша айып тағып, халықаралық іздеу жариялаған.
Жанболат Серіковті Әзербайжан полициясы биыл қаңтарда ұстаған. Қазақстанның Бас прокуратурасы сол уақытта бұл ақпаратты растаған. Бірақ оған Қазақстанда ешқандай айып тағылмаған. Сол себепті оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі жоғын айтқан.
Серіковке Біріккен Араб Әмірліктерінде Finico қаржы пирамидасының басшысы Эдвард Сабировқа шабуыл ұйымдастырды деген айып тағылған. Ал қылмысты орындады деп Анорбек Тюмибаев пен Есболат Кенжеғазы айыпталған. Олар Ресейде ұсталған.
МИЛЛИАРДТАҒАН ҚАРЫЗ
БАҚ-та тараған ақпаратқа қарағанда, Жанболат Серіков Қазақстан Ұлттық Банкінің экс-төрағасы, премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Қайрат Келімбетовтің күйеу баласы болған.
Жанболат Серіков Freedom Bank, ЦентрКредит Банк және ForteBank-ке үш миллиард теңге қарыз. 2023 жылдың желтоқсанынан бастап оған Қазақстаннан шығуға тыйым салынған.
Бұдан бөлек, ашық дереккөздерде Жанболат Серіковке «Криталл» түнгі клубы тиесілі екені, оның 3,1 миллиард теңге қарызы бары айтылады.
АРМАН ЖҰМАГЕЛДИЕВТІҢ СОТЫ
«Жабайы Арман» лақап атына ие Арман Жұмагелдиев биыл 27 қаңтарда Алматы соты 20 жылға соттаған.
Тергеушілер мен айыптаушылардың айтуынша, Жұмагелдиев 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан бірнеше апта бұрын Түркиядан Қазақстанға ұшып келген. Оның жақтастары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақовтың бұйрығымен дүрбелең күндері Алматыдағы Республика алаңына шыққан. Адам қарасы көбейгенде бейбіт жиын тәртіпсіздікке, күш қолдану мен атыс-шабысқа ұласқан. Белгісіз адамдар мемлекеттік ғимараттарға басып кіріп, оларға өрт қойған, тонаған, адамдарды ұрлап әкеткен, ұрып-соққан. Тергеушілер болжамы бойынша, Жұмагелдиев сол арқылы Қазақстан билігіне талап қою үшін әлдебір заңсыз орган қалыптастыруға тырысқан.
Арман Жұмагелдиевтен бөлек, бұл іс бойынша «Адам ұрлау», «Билігін асыра пайдалану», «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» деген айыптармен 43 адам сотталған. Олардың қатарында Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбегенов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов та бар. Олар сот шешімімен 8 және 15 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған. Сотта Ысқақов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш бұйрық бергенін айтқан. Осыдан кейін сот жабық режимге ауыстырылған.
ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ ЖӘНЕ САМАТ ӘБІШ
Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК төрағасының орынбасары болған Самат Әбіш бұл сот процесі басталғанда қызметінен әлдеқашан кеткен. Ол ҰҚК басшылығынан бостандықта қалған жалғыз адам болды. ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның Әбіштен басқа орынбасарлары төңкеріс ұйымдастырмақ болды және билікті асыра пайдаланды деп айыпталып, 3 жылдан 18 жылға дейін түрме жазасына кесілген.
Кейін Самат Әбішке де Қаңтар кезінде «билікті асыра пайдаланды» деген айып тағылды. Өткен жылдың наурыз айында соттың оған 8 жыл шартты жаза кескені белгілі болды.