Қытайдың қысымынан кейін Ақ үй Тайвань президентінің АҚШ-қа кіруіне рұқсат бермеді. Бұл шешім сауда келіссөздеріне қауіп төндірмеу үшін қабылданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Тайвань президенті Лай Циндэнің Нью-Йоркте аялдауына рұқсат бермеді. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазды. Тамыз айында Лай Циндэ Парагвай, Гватемала және Белиз елдеріне сапарлауды жоспарлаған. Аталған мемлекеттер Тайваньды тәуелсіз ел ретінде мойындайды. Сапар барысында АҚШ-та аялдау жоспарланған болатын.
СЕБЕП
Ақпарат көздерінің мәліметінше, Трамп әкімшілігі Қытаймен жүргізіліп жатқан сауда келіссөздеріне қауіп төндірмеуге тырысуда. 28 шілдеде АҚШ пен Қытай өкілдері Швеция астанасы Стокгольмде келіссөздердің үшінші кезеңін бастады. Тараптар өзара баж салығын 90 күнге алып тастауды қарастыратын қолданыстағы сауда келісімдерін ұзартуға ниетті.
КОНТЕКСТ
Қытайдағы коммунистік революциядан кейін, 1949 жылы биліктен айырылған Гоминьдан партиясы Тайвань аралына көшкен болатын. Бейжің Тайваньды өз провинциясы деп есептейді, ал Тайбэй «бір ел - екі жүйе» моделін қабылдамай отыр. АҚШ ресми түрде «бір Қытай» принципін ұстанғанымен, Тайваньға қолдау көрсетіп келеді, оның ішінде қару-жарақ жеткізу де бар.