×
541.45
631.17
6.78
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.45
631.17
6.78

Кремль Трамптың сөзін «қаперге алды»

29.07.2025, 19:00
Кремль Трамптың сөзін «қаперге алды»
Фото: РИА Новости / POOL

Кремль АҚШ президенті Дональд Трамптың бітімге берілген мерзімді қысқарту туралы сөзін «қаперге алды». Бұл жөнінде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Песков «Арнайы әскери операция жалғасып жатыр» деді. Оның сөзінше, Ресей «бейбітшілік процесіне бейілдігін сақтап отыр», бірақ сөйте тұра бітім келіссөзі аясында өз мүддесін қорғауға дайын.

ТРАМП МӘЛІМДЕМЕСІ

14 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Путиннің көңілі қала бастағанын айтып, Мәскеуге Киевпен бітім жасасу үшін 50 күн беретінін, болмаса Ресей мен оның сауда одақтастарына санкция жариялайтынын айтқан. Дүйсенбі күні Трамп бұл мерзімді 10-12 күнге дейін қысқартатынын мәлімдеген.

Трамп сондай-ақ бұдан әрі Путинмен сөйлесуге құлықсыз екенін мәлімдеген. Песковқа осы жөнінде сұрақ қойылғанда, ол "қандай да бір баға беруден бас тартқым келеді" деп жауап берді. Кремль баспасөз хатшысы әзірге Путин мен Трамптың кездесуі жоспарда жоғын айтты. Оның сөзінше, Ресей АҚШ-пен қарым-қатынасын қалпына келтіруге мүдделі, бірақ кейінгі уақытта бұл процесс баяу жүріп жатыр.

КРЕМЛЬ РЕАКЦИЯСЫ

Журналистер сұрағына жауап берген Песков Солтүстік Кореяны, Иранды және Қытайды Ресейдің «одақтасы» деп атап, бұл елдер мен Мәскеудің ұстанымы ұқсас деді.

Бір күн бұрын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей «алғаш рет Батыспен бір өзі күресіп жатқанын» айтқан.

Қазір Ресей мен Солтүстік Корея арасында әскери әріптестік жөнінде келісім бар. Пхеньян Украинамен соғысып жатқан Ресей бір топ сарбазын да жіберген. Ал Иран мен Қытай соғысқа қатысы жоғын айтқанымен, Ресейді керек-жарағы қамтамасыз етіп отыр.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров дүйсенбі күні Ресейдің Украинаға қойып отырған талабын да тағы да қайталады. Мәскеу әлі де Украина НАТО-ға кіруден және Ресей талап қойып отырған территориядан бас тартуы қажет деп отыр. Украина бұл талапты орынсыз деп атап, атысты ешбір алғышартсыз тоқтатуға шақырып отыр.

Серіктес жаңалықтары