Ресейдің барлау қызметі АҚШ пен Ұлыбритания Украина саясаткерлерімен бірге Альпі тауларында Украина президентін ауыстыру талқыланған кездесу өткізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ресейдің Сыртқы барлау қызметі (СБҚ) жуырда Альпіде АҚШ, Ұлыбритания және Украина саясаткерлерінің қатысуымен жабық кездесу өткенін хабарлады. Онда Украина президенті Владимир Зеленскийдің қызметінен кетуі мүмкін деген мәселе көтерілген. Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, келіссөзге Украина Қарулы күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, қазіргі таңда Ұлыбританиядағы Украина елшісі Валерий Залужный, Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак және Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының жетекшісі Кирилл Буданов қатысқан.
Сыртқы барлау қызметінің мәлімдеуінше, Батыс елдерінің өкілдері бұл кездесуде Залужныйды балама кандидат ретінде ұсыну туралы ұсыныс жасаған. Кездесу қатысушылары «мәселе пісіп-жетілді» деп санап, Киев пен Батыс арасындағы қатынасты қайта жандандыру үшін ел басшысын ауыстыру қажет деген пікір білдірген.
Ресей барлау қызметі бұл кездесудің қорытындысын Киевтегі соңғы заңнамалық бастамалармен байланыстырады. Атап айтқанда, Владимир Зеленский өткен аптада қол қойған заң жайлы сөз болып отыр. Ол заң Украинадағы Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроның (НАБУ) және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы прокуратураның (САП) өкілеттігін шектейді. Енді бұл екі орган іс жүзінде Бас прокуратураға бағынады. НАБУ мен САП өкілдері бұл шешім олардың тәуелсіздігінен айырып, жоғары билікке қатысты сыбайлас жемқорлық істерін тергеу жұмыстарына қауіп төндіреді деп мәлімдеді.