АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстаннан келетін импортқа 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Дональд Трамп Қазақстанды қоса алғанда бірнеше елге қатысты импорттық баж салығын енгізу жөніндегі жарлықтар топтамасын бекітті. Құжат 1 тамызға бірнеше сағат қалғанда қол қойылып, Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды. Баж салығының мөлшері 10-нан 41 пайызға дейін өзгереді, ал Қазақстанға қатысты 25 пайыз көлемінде белгіленген. АҚШ президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған үндеуінде бұл тарифтер «саудадағы кедергілерді түзету» және «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қорғау» мақсатында қажет екенін түсіндірген.
Қатаң шараларға қарамастан, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі жаңа баж салықтары елден АҚШ-қа жөнелтілетін тауарлардың шамамен 95 пайызына әсер етпейтінін мәлімдеді. Тарифтің қолданылуынан негізгі экспорттық тауарлар — мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал және титан шығарылған. Дәл осы өнімдер Қазақстан экспортының АҚШ-тағы негізгі бөлігін құрайды. Осылайша, баж салығын енгізудің тікелей экономикалық залалы шектеулі болады.
Министрліктің дерегінше, 2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд доллар болып, 2023 жылмен салыстырғанда 4 пайызға артқан. Оның ішінде Қазақстан экспорты 2,53 млрд доллар. Оның құрамында: мұнай – 56,2%, уран – 16,4%, күміс – 12,2%, ферроқорытпалар – 9,5%, тантал мен одан жасалған бұйымдар – 0,89%.
2025 жылдың алғашқы бес айында тауар айналымы 1,27 млрд доллар болды, оның 418 миллионы Қазақстан экспортына тиесілі.