×
540.78
618.65
6.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
540.78
618.65
6.71

ОКҚ жанында "жалған ақпаратпен күрес" орталығы жұмысын бастады

01.08.2025, 15:30
ОКҚ жанында "жалған ақпаратпен күрес" орталығы жұмысын бастады
Фото: ortcom.kz

Орталық коммуникациялар қызметі құрылымында жалған ақпаратпен күрес орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Орталық коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, жаңадан ашылған орталықтың міндеті жалған ақпаратты анықтау және оны жоққа шығару, азаматтарды маңызды тақырыптар бойынша объективті, тексерілген деректермен қамтамасыз ету және ақпаратты жауапкершілікпен тұтыну мәдениетін дамыту.

– Орталық фейктерге тұрақты шолулар, манипуляция жасау кейстерін жариялайды, сондай-ақ резонанстық ақпараттық тақырыптар бойынша сараптамалық түсініктемелер береді, – делінген орталық жариялаған ақпаратта.

Орталық коммуникациялар қызметінің айтуынша, жалған ақпаратпен күрес жұмысы мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымдастығы, журналистер және азаматтармен ынтымақтастықта жүргізіледі.

Кейінгі уақыттарда Қазақстанда журналистер мен құқық қорғаушылардың үстінен «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша даулы істер қозғалған. Шілденің басында тәуелсіз журналист, «Просто журналистика» You Tube арнасының авторы Лұқпан Ахмедияровтың үстінен «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша іс қозғалып, журналист қорғануға құқылы куә деп танылған. 18 шілдеде Ахмедияров «Просто журналистика» арнасы өшірілгенін хабарлады. Журналист кейінгі уақыттары Ресей жағында Украинаға қарсы соғысып жүрген қазақстандықтар туралы материалдар жариялаған. 

31 шілдеде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға Алматының әкімшілік соты 78 мың теңге айыппұл салған. Оған сот шешімімен жеті жылға сотталған марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты жалған ақпарат таратты деп айып тағылған. Төреғожина өзіне тағылған айыппен келіспеген. 

Серіктес жаңалықтары