×
543.24
619.89
6.78
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
543.24
619.89
6.78

"Пәтерсіз қалды": Профессор Кәкен Қамзин алаяқтарға қалай алданғанын айтты

01.08.2025, 18:00
"Пәтерсіз қалды": Профессор Кәкен Қамзин алаяқтарға қалай алданғанын айтты
Ашық дереккөзден

Профессор Кәкен Қамзин алаяқтарға қалай алданып қалғанын өзі әңгімелеп берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қалалық энергожүйеден» басталған күмәнді қоңырау

Профессор Кәкен Қамзин алаяқтардың құрбаны болғанын ашық баяндап берді. 

- Басымнан өткен оқиғаның есімде қалғандарын баяндап берейін. Өткенде айтқанымдай, басқаларға сабақ болсын. 12 маусым күні, сағат таңертеңгі ондар шамасында ‘қалалық энергожүйесінен’ бір әйел қоңырау шалды. Айтуына қарағанда, біздің үйдегі электр есептегіштер ескіріпті, соны жедел ауыстыру керек. Сондықтан жеке куәліктегі көрсеткіштеріңіз қажет. Телефонында қалалық энергосетьтің логотипі тұр. Сендім. Түнімен жазу жазып, ұйқылы-ояу басым еш ойланбай деректерімді беріп жіберіппін, дейді профессор.

«ҰҚК майоры», «қаржы бақылаушы» және жалған адвокат

Іле-шала өзін “қаржы бақылау департаментінің” қызметкерімін деп таныстырған адам телефон шалды. “Сіздің Egov-тағы барлық мәліметтеріңіз алаяқтардың қолына түсіп қалды. Неге бересіз, енді оларды іздестірумен, құрықтаумен біз айналысамыз. Бірақ бұл операция өте құпия жағдайда жүргізіледі, сіз ол туралы жақын-жұрағаттарыңызға да тіс жармайсыз”, – деп қадап айтты, дейді Кәкен Қамзин.

Одан кейін өз кабинетінен өзін “ҰҚК майорымын” деп таныстырған Мальтиев деген адам видеотелефон шалып, барлығын өзі бақылауында ұстайтынын ескертіпті.

- Тағы “бәрі конфиденциально, сіз азамат ретінде алаяқтарды ұстауға көмектесуге міндеттісіз, әйтпесе қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартыласыз” дегенді қатты ескертті. Бәрі, міне, осыдан басталды. Содан кейін олар мынау сізге көмектесер ‘мықты адвокат’ деп Абай деген жігітті ұсынды. Осы үшеуміз іс жүргіземіз деді. Үшеуі үш түрлі номермен байланысқа шығып отырды, дейді профессор.

«Ұлттық банк» атынан ақша аударуға итермелеу

Профессордың айтуынша, олар алғашқы күні-ақ оны Касса24 терминалдары арқылы бірнеше миллион теңге аударуға көндірген:

- “Сіздің атыңыздан біреулер төрт миллион теңге кредит алып үлгеріпті, соны жабу керек, ақшаңыз ешқайда кетпейді, “Ұлттық банктің” есебінде тұрады. Касса 24 деген терминалға салыңыз”, – деді. Олар көрсеткен мекен-жайларға барып, бірнеше терминалдан жіберіп отырыппын, дейді профессор.

Осылайша Кәкен Қамзин қолындағы бес миллион теңгені шешіп алып курьерге берген.

- Курьермен кездесу сағат төрттер мөлшерінде Әуезов көшесі мен Абай даңғылындағы Халық банктің алдында өтті. Курьердің суретін түсіріп алдым, ар жағымда бір күдік жылт етті ме, кім білсін. Бірақ кешкі сегіздер мөлшерінде ақшаның ‘Ұлттық банк’ есебіне түскені туралы мәлімет келді. Имандай сендім, дейді ол.

«Egov-ты жаңарту үшін» үй сату

Содан кейін алаяқтар Кәкен Қамзинге “сіздің Egov-тағы барлық деректеріңізді жаңалау керек, сондықтан үйіңізді нотариус арқылы нарықтық бағадан төмен қаржыға сатыңыз, үй де, ақша да ешқайда кетпейді, “Ұлттық банк есебіне түседі. Бұның бәрі деректеріңізді жаңалау үшін істеліп отырған міндетті шара” депті.

- Сөйтіп, үйімді 26 маусымда 31 миллион теңгеге нотариус арқылы саттым. Олар менің атымнан Крыша сайтына үйдің сатылып жатқаны туралы хабарландыру салады. Одан кейін екі кибералаяқтың нұсқауы бойынша ақшаны кешкісін сағат сегіздерде курьермен ‘КНБ-ның точкасына’ жөнелттім, дейді Қамзин.

Алаяқтардың бетпердесі ашылған сәт

Профессор алданғанын тек 4 шілдеде ғана түсінген.

- Оны алаяқтардың өздері сатып алушылар үйіме полициямен келген кезде былай деп хабарлады: ‘Вы попались на уловку мошенников. Вы не один такой. Вы уже были в базе. Не я, это сделал бы кто-то другой. Самое главное, не переживайте, подумайте о дочке и внучке. Работа у вас есть, а все остальное дело наживное’. Есімнен танып қалдым. Ар жағы не болғаны нақты есімде жоқ. Студенттерім үйге келіп, сатып алушыларды кіргізбей, оларға өздері қолма-қол 350 мың теңге жинап, бір айға пәтер жалдап берген. Полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалып, үй арестке қойылды, дейді профессор.

Профессордың жанайқайы мен көмек сұрауы

Кәкен Қамзиннің сөзінше, алаяқтар арбауына түсіп қалған жалғыз ол емес.

- Мұндай жағдайлардың көбісі қоғам назарына ілікпей, жабулы қазан күйінде қалып жатыр. Зардап шегіп жатқан қарапайым халық. Мен бұл ақпаратты сіздерге, туған-туысқандарыңызға сабақ болсын деген оймен жариялап отырмын. Үйімді сатып алған 4 баласы бар отбасы да кибералаяқтардың құрбаны болып отыр. Оларға 5 шілдеге дейін 33 миллион жинап береміз деп уағдаласқанбыз. Өкінішке қарай, ол уәдемізде тұра алмадық. Қазіргі уақытта 5 683 231 теңге жиналды. Енді 26 миллион 816 мыңдай ақша керек. Өзімнің жағдайымды баяндадым. Амалдың жоғынан қалың жұртшылықтан, өздеріңізден көмек сұрауға мәжбүрмін, дейді Кәкен Қамзин.

Профессор қол ұшын созамын деушілер үшін қызының реквизиттерін көрсетті:
KASPI, HALYK: +77756505809 (Әсел Қ.).

Серіктес жаңалықтары