Дональд Трамп АҚШ Ресеймен ядролық соғысқа дайын екенін мәлімдеді. Мұндай мәлімдемеге Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің сөзі түрткі болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
– Ол ядролық қару жайында айтты. Ал егер әңгіме ядролық қаруға келіп тірелсе, біз дайын болуымыз керек және біз толық дайынбыз, – деді Трамп журналистерге берген пікірінде.
Оның сөзін Sky News тікелей эфирде таратты.
АҚШ президентінің айтуынша, 1 тамыз кешкісін ол “тиісті аймақтарға” екі ядролық сүңгуір қайықты орналастыруды бұйырған. Бұл – Медведевтің сөздері нақты әрекетке айналған жағдайда жауап ретінде жасалған қадам. Трамп мұны “Ресей тарапынан айтылған жауапсыз және арандатушы мәлімдемелер аясында” қабылданған шешім екенін атап өтті.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Дмитрий Медведев Telegram-арнасында АҚШ-қа қарсы мәлімдеме жасаған. Ол Вашингтонның Украинадағы жағдай реттелмесе, Ресей мен оның сауда серіктестеріне қатысты кедендік баж салығын енгізетінін айтқан ультиматумына жауап берген еді.
Трамп Медведевке “сөзін аңдап сөйлеуді” ескертіп, оның “өте қауіпті аймаққа аяқ басып тұрғанын” ескертті.