Киевке жасалған Ресейдің соққысы салдарынан 31 адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Украина президенті Владимир Зеленский өзінің Telegram-арнасында соққының тұрғын үйге тигенін мәлімдеді.
— Кәдімгі тұрғын үй, тура соққы. Зымыран 28 адамның өмірін қиды. Жалпы бұл шабуылдан қалада 31 адам қаза тапты, олардың арасында 5 бала бар. Құрбандардың арасында 2007, 2011, 2014, 2018 және тіпті 2022 жылы туған балалар да бар. Отбасылары мен жақындарына көңіл айтамын. Бұл Ресейдің Киевке жасаған ең қатыгез шабуылдарының бірі болды, — деп жазды Зеленский.
ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР
Жараланғандар саны 179 адамға жетті. Зеленскийдің айтуынша, қарапайым ғимараттар, кәсіпорындар және тіпті Киев мешіттерінің бірі де бүлінген.
— Бұл жерде әскери нысандар мүлдем болмаған. Украинаға әлемнің түкпір-түкпірінен қолдау білдіргендер көп болды. Ресейлік террорды, соққыларды және соғысты тоқтатудан бас тартуды айыптағандар да аз емес. Бітімге келу туралы ұсыныстар Украина, АҚШ және басқа да көп ел тарапынан баяғыда жасалды. Алайда Ресей тарапынан әр жолы тек соғысты жалғастыруға және террорға көбірек уақыт ұтуға тырысу болды, — деді Украина президенті.
Еске салайық, бұған дейін америкалық сенаторлар Украинаға екі жыл ішінде 54,6 миллиард доллар көмек бөлуді ұсынған еді. Бұл қаржының бір бөлігі Ресей активтерінен түскен табыстан алынбақ.