30 шілде күні Семейде соққан екпінді жел тұрғындардың мазаcын қашырды. Уақытша баспанада тұрып жатқан әйелдің үйінің шатыры ұшып, жарық беретін кабель үзілген. Бұл – Қаңтар оқиғасы кезінде күйеуі азапталған, өзі денсаулығына зиян келіп, ауыр жағдайда босанған Ақмарал Василева, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
– Жаңбыр жауса, үйге су ағады. Төбем құлағалы тұр. Шатыр жоқ, жарық жоқ. ТЖМ-ді шақырдым, келіп тек суретке түсіріп кетті. Әкімдікке бірнеше рет бардым, “күтіңіз” деген жауаптан басқа ештеңе жоқ, – деді әйел Ulysmedia.kz тілшісіне.
Қаңтар қырғыны кезінде күйеуінің полициядан азапталғанын мәлімдеген ол сол оқиғадан кейін уақытша баспанада тұрып жатқан.
Оның айтуынша, бұл үйді журналист әрі қоғам белсендісі Динара Егеубаева сол кезде донат жинап алып берген.
– Баспаған табалдырығым жоқ. Әкімдікке де, ТЖМ-ге де бардым. 20 күннің ішінде жауап береміз деді, – дейді ол.
Әзірше әкімдік тарапынан ресми түсінік бермеді.
ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ
Осыған дейін Qandy Qantar деректі жобасында бұл отбасының тағдыры кеңінен баяндалған еді.
Әйелдің айтуынша, егер жолдасы сол күні алаңға бармаған болса, өзі де артынан іздеп шықпағанда, баласы дені сау болып туылар еді. Қазір сәбидің денсаулығында ақау бар.
– Жолдасым Айдын Заманбекұлы 2022 жылы 5 қаңтарда жұмыстан шығып, орталық алаңға барды. Ол қымбатшылыққа қарсы, кедейшілікке қарсы наразылығын білдіру үшін барды. Бесі күні түнгі сағат 12-де үйге келіп, қалың киімін киіп кетті. Қаңтардың 6-ы күні таңертең алаңға мен де бардым. Күйеуім үйге қайтамын деп отырған кезде, сағат 11 шамасында штурм болды. Сол кезде ол кісіні ұстады. Мен оны сол күні кештен бастап іздедім. Телефоны өшіп жатты. ЦОН, ЦОП, РУВД барлығына бардым. Еш жерде болған жоқ. Қаңтардың 10-ы күні Затонский РУВД-да екенін білдім. Сол жерде постта тұрған адам «күйеуіңіз тірі, уайымдамаңыз, бірақ жағдайы өте ауыр» деді. Передачка, ешнәрсе қабылдамады. 18-ші қаңтар күні ұсталғандардың барлығын Өскеменге алып кетті, – деді ол.
Ақмарал аяғы ауыр болса да күйеуі қамауда отырған 6,5 айда Семейден бөлек, Өскемен мен Астанадағы құзырлы органдарға барып, жағдайын айтып, жұбайын босатуды сұрап, арыз жазған, наразылық білдірген.
Ол Қаңтар кезінде болған стресс пен күйзеліс ішімдегі баламның денсаулығына әсер етті дейді. Қазір баласы бір жастан асқан, өздігінен отырып, еңбектей алмайды. Дәрігерлер “ДЦП” деген диагноз қойған.