Павлодарда әйел әуелі екі баласын терезеден лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен. 1,5 жастағы сәби көз жұмды. Дәрігерлер оның өмірі үшін екі күн бойы күрескенімен, аман алып қала алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Оқиға осы аптада болды. Әйел адам екі ұлын терезеден лақтырып, артынша өзі де секіріп кеткен.
Ауыр жағдайда жатқан балалар Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Екі баланың да жағдайы өте ауыр болған.
Кішкентай ұл бала жансақтау бөліміне түскен сәттен бастап ес-түссіз жатқан. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, сәбиді аман алып қала алмады.
– Бүгін кешке баланың жағдайы күрт нашарлады. Сағат 20:10-да жүрегі тоқтап, 20:40-та өлім тіркелді, – деп хабарлады аурухана 1 тамызда.
Қазіргі таңда үлкен баланың және анасының жағдайы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.