×
543.24
619.89
6.78
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
543.24
619.89
6.78

Тоқаев пен Гутерриш Алматыда қандай тақырыптарды талқылайды

Бүгін, 12:56
Тоқаев пен Гутерриш Алматыда қандай тақырыптарды талқылайды
Ақорда

Қазақстан тағы да әлемдік назардың орталығына айналды. Бүгін Алматыға БҰҰ-ның қазіргі бас хатшысы Антониу Гутерриш келеді. Бұл — оның ұйымды басқарғалы үшінші, ал кейінгі екі жылдағы елімізге екінші сапары. Ulysmedia.kz сарапшылармен бірге бұл сапардың Қазақстан мен тұтас Орталық Азия үшін маңызын түсіндіреді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Гутерриш қандай тақырыптарды көтеретініне тоқталады.

Көптен күткен орталық

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері өзін бейбітсүйгіш ел ретінде көрсетіп, халықаралық күн тәртібінен қалыс қалмауға тырысып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев — кәсіби дипломат, әрі БҰҰ бас хатшысының бұрынғы орынбасары бұл бағытты одан әрі күшейтті. Ол 2019 жылы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Өңірлік орталығын құруды ұсынды. 2025 жылғы көктемде БҰҰ Бас ассамблеясы бұл ұсынысты мақұлдап, 3 тамыз күні Алматыда Тоқаев пен Гутерриш осы орталықтың жұмысын ресми түрде іске қосады.

— Бұл орталықтың ашылуы тек өңір елдерінің емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың мүддесіне сай келеді. Оның жұмысы 2030 күн тәртібі аясындағы Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге ғана емес, Ауғанстанды «ашуға» және Талибанмен гуманитарлық диалогты бастауға жағдай жасауға бағытталады, — дейді ҚСЗИ халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбенов.

Саяси шолушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, орталықтың Алматыда орналасуы — БҰҰ үшін де, аймақ үшін де стратегиялық қадам. Қазақстан — Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшы, көршілерімен достық қарым-қатынасы мықты және Ауғанстанмен де жүйелі байланыс орнатуға тырысып келеді.

— Бұл орталықтың көмегімен су қауіпсіздігі, экстремизммен күрес, гендерлік және діни теңдік сияқты бүкіл әлемге ортақ маңызды мәселелер шешім табады, — дейді ол.

БҰҰ реформасы да талқылануы мүмкін

Бүгінде әлемде БҰҰ-ның тиімділігіне күмән келтіріп, оны реформалау туралы пікірлер күшейіп келеді. Тоқаев — бұл пікірді ашық білдіріп жүрген мемлекет басшыларының бірі. Осы ретте Гутерришпен кездесуде бұл тақырып көтерілмей қала ма?

— Бәлкім, кездесуде БҰҰ реформасы жайы да қозғалар. Қазақстан бұл талқылауларға белсене қатысып қана қоймай, БҰҰ-ны, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға қатысты нақты ұсыныстар да айтып келеді. Президент Тоқаев — БҰҰ-ның ішкі құрылымы мен мәселелерін жақсы білетін тұлға. Бірақ менің ойымша, ол бұл ұсыныстарын Алматыда емес, қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80 жылдығына арналған отырыста жариялайды, — дейді Дәурен Әбенов.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Гутерриштің өзі де ұйымның дағдарыс жағдайында екенін жақсы түсінеді:

— БҰҰ жүйесі 1990-жылдардың соңында-ақ тиімділігін жоғалта бастады. Мысалы, 1999 жылы Косоводағы бомбалау кезінде БҰҰ ештеңе істей алмады. Қауіпсіздік Кеңесі үнемі тығырықта, Бас Ассамблея нақты шешім қабылдай алмайды, ал державалар өз білгенін істейді. Ұйым құрылымындағы көптеген бөлімшенің жұмысына да сұрақ көп, — дейді сарапшы.

Сөйте тұра, Гутерришке Тоқаевтың БҰҰ реформасына қатысты көзқарасы қызық болуы мүмкін.

Өзара тиімді байланыс

Гутерриштің бұл жолғы сапары — Қазақстанға үшінші келуі. Алғаш рет 2016 жылы, қызметіне жаңадан кіріскен кезде келген. Екінші рет 2024 жылғы шілдеде ШОС+ саммиті аясында келді.

Сарапшылардың айтуынша, БҰҰ-ның Қазақстанға осыншалықты назар аударуы тегін емес.

— Геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан БҰҰ-ны жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшіліктің баламасыз кепілі ретінде қарастырады. БҰҰ институттарына күмәнмен қарайтындар көбейгеніне қарамастан, Қазақстан өз қатысуын арттырып отыр. Бұл жайлы Гутерриштің өзі де айтты: Қазақстан — БҰҰ-ның тұрақты қолдаушысы әрі сенімді серіктесі. Ол елді «бейбітшіліктің қорғаушысы және көпжақтылықтың тірегі» деп атады, — дейді Дәурен Әбенов.

Ғазиз Әбішевтің пайымдауынша, мұндай сапарлар Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын күшейтеді:

— Мұндай жоғары деңгейдегі сапарлар — Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, оның дербес ойыншы екенін көрсетеді, — дейді ол.

Антониу Гутерриш кім?

Гутерриш БҰҰ-ның реформасынан қорқатын тұлға емес, керісінше, оны жүзеге асырудың тиімді жолдарын іздейтін адам. Бас хатшы болар алдында ол он жыл бойы БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары қызметін атқарды. Бұл кезең Сирия, Ирак, Йемен мен Оңтүстік Судандағы соғыстарға тұспа-тұс келіп, босқындар саны 1,5 есеге артты. Гутерриш орталық аппаратты қысқартып, босап қалған ресурстарды тікелей дағдарыс аймақтарына бағыттады.

Оған дейін Португалия премьер-министрі ретінде Тимор дағдарысын шешуге атсалысты. Ресей мен Украина арасындағы соғыс кезінде екі елге де бірнеше мәрте барып, тараптарды келіссөз үстеліне отырғызуға тырысты. Израиль оны Таяу Шығыстағы қақтығыстарды сынға алғаны үшін «нон грата» тұлға етуге тырысқанымен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі оны қорғап қалды.

Гутерриш әрдайым бейбітшілік пен тату көршілік қағидаттарын қорғауды басты мақсат етіп келеді.

Серіктес жаңалықтары